БҚО-да ауылдарды су басты: тұрғындар үрейленіп отыр - видео

БҚО-да ауылдарды су басты: тұрғындар үрейленіп отыр - видео
Фото: Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі өкілі

Батыс Қазақстан облысының бірқатар ауданында әкімдер шешімімен табиғи сипаттағы төтенше жағдай режимі жарияланды. Бұл тізімде Орал қаласы, Шыңғырлау ауданы, Бөрлі және Бәйтерек ауданы бар, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бәйтерек, Тасқала, Теректі, Қаратөбе, Шыңғырлау, Сырым, Бөрлі аудандарында су басу қаупі бар елді мекендерге, өзен-көлдерге тәулік бойы мониторинг жүргізіліп жатыр. Батыс Қазақстан облысы аумағында  бір апта ішінде қар жамылғысы 60 пайызға (76 пайыздан 16 пайызға дейін) еріп кеткен. Осылайша, ауа температурасы +12 градусқа дейін күрт көтерілуі және қар еруі нәтижесінде төбелерден еріген судың көп мөлшері бөлініп, Бөрлі, Сырым және Теректі аудандарындағы 48 тұрғын үйді су басып қалған. Зардап шеккендер жоқ. Құтқарушылар мен жергілікті атқарушы құрылымдар алдын ала 149 адамды эвакуациялады. 300-ге жуық мал қауіпсіз жерге шығарылған.

Кейінгі мәліметтер бойынша, Батыс Қазақстан облысына қарасты Тасқала, Казталов, Қаратөбе, Шыңғырлау аудандары қауіпті аймақтар қатарында. Облыс әкімінің орынбасары Ержан Балтаевтың айтуынша, қазір су тасқынының алдын алу шараларына кей аудандарда және облыс орталығында 1200 адам жұмылдырылған. Қазір арнайы штабтарға 100-ге жуық қоңырау түскен. Жексенбі қала шетіндегі Зашаған кентінде Сарытаудан аққан су салдарынан және ауа райы күрт жылынуынан қолайсыз жағдай туындаған.

Ал Бәйтерек ауданынында облыс орталығынан барған арнайы жасақ тасқын судың алдын алу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Тасқала кентінде Деркөл өзені деңгейі төмендеуіне байланысты жағдай тұрақталған. Деркөл өзені бойындағы он ауыл қауіпті аймақтың қатарына кіреді.

Апат аумағында "Қазгидромет", жергілікті атқарушы құрылым, төтенше жағдай қызметкерлері мониторинг жасап, жағдайды бақылауда ұстап отыр.

"Басты мақсатымыз - су тасқыны салдарын жеңілдетіп, мал-жанды аман алып қалу. Олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Осы мақсатта бізге еріктілер қосылып жатыр. "Жұмыла көтерген жүк жеңіл" деп халқымыз бекер айтпаған. Жергілікті тұрғындардың да бұл іске көмек қолын созуына болады", - деді облыс әкімнің орынбасары Ержан Балтаев.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі мәліметінше, 13 наурызда түс мезгілінде Бөрлі ауданының Ақбұлақ ауылындағы 11 үйдің ауласын су басып, 44 адам қауіпсіз жерге көшірілген. Бұл ауылда зардап шеккен адамдар жоқ. Мал-жан аман. Дәл сол күні сағат 12.00-де Сырым ауданының Өлеңті ауылында 2 тұрғын үйді және аула аумағын су басып, 6 адам қауіпсіз жерге көшірілген. 12 ірі қара, 30 ұсақ мал көрші аулаларға үлестірілді. Мамандардың айтуынша, көрші үйлерді су басу қаупі бар. Қабырғалары сабаннан салынған үйге кірген су іргетастың үстіне дейін көтерілген.

Сондай-ақ, Қаратөбе ауданы Қоржын ауылын су басып, бөгетті шайып кеткен. Ағын қатты болуына жел де әсерін тигізген. Бұл ауылда да мал-жан аман. Тек үйлердің ауласы мен қораларын су басқан.

Ауыл тұрғындарының айтуынша, түнде су тағы көтеріліп, Қоржын ауылындағы бірнеше үйді басқан. Бәйтерек ауданының Зеленый, Белес, Переметный ауылдарына қауіп төніп тұр. Жағдай жергілікті атқарушы құрылымдар мен төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлерінің жіті бақылауында. Шыңғырлау ауданының Новенький ауылындағы жолды су шайып, қатынас үзілген. Қазір жолды қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Төтенше жағдайлар министрлігінің, жергілікті атқарушы органдардың, Ішкі істер министрлігінің, Қорғаныс министрлігінің жедел-құтқару бөлімшелерінің жеке құрамының 800-ден аса адамы, соның ішінде Атырау және Маңғыстау облыстарынан Төтенше жағдайлар министрлігінің қосымша күштері мен құралдары да тәулік бойы құтқару жұмыстарына қатысып жатыр.

Айгерім Ғалым

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова