Сабақ үстінде оқушы мен мұғалімге ұялы телефон пайдалануға тыйым салынуы мүмкін

Сабақ үстінде оқушы мен мұғалімге ұялы телефон пайдалануға тыйым салынуы мүмкін
Фото: elements.envato.com

Биылдан бастап сабақ үстінде оқушы мен мұғалімге ұялы телефон пайдалануға тыйым салынуы мүмкін, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұл туралы "Ашық" НҚА порталында жарияланған Оқу-ағарту министрлігінің бұйрығында көрсетілген. Бұл заң сабақ барысында ұялы телефондарды пайдалануды шектеу мақсатында енгізілмек. 

"Мұғалімнің шешімі бойынша сабақта оларды қолдану қажеттілігін есепке алмағанда, білім алушылар мен педагогтер сабақтарда мобильді байланыс құралдарын пайдаланбайды", - делінген бұйрықта.

Айта кетейік, бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі. Бұйрық 28 наурызға дейін көпшіліктің жария талқылауында болады. 

Еске салайық, Оқу-ағарту министрлігі оқушылардың қауіпсіздігіне қатысты бұйрықты көпшіліктің талқылауына шығарған еді. Онда енді оқушы мектептен тыс жерлерде жүрсе, жауапкершілік ата-ана мен өзге де заңды өкілдерге жүктелетіні айтылады. 

Құжатта оқушы сабақ үстінде тәртіпсіздік жасаса, оны сыныптан шығарып жіберуге рұқсат етілмейтіні айтылған. Яғни білім алушы теріс қылықтар жасаған, мектептің ішкі тәртіп қағидалары талаптарын бұзған кезде оны сабақтардан шеттетуге, сондай-ақ, ата-анасының немесе өзге де заңды өкілдерінің қасында еріп жүруінсіз білім беру ұйымынан шығаруға жол берілмейді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек