- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Қазақстанда жеке адамдардың...
Қазақстанда жеке адамдардың лотерея ойнатуы қаншалық заңды?
Бүгінде жеке өзі лотерея ойнататын адамдарды жиі кездестіреміз. Оның ішінде блогерлер де, халық та бар. Алайда бұл қаншалық заңды? Адвокат Тілеужан Кішкенебаев Massaget.kz тілшісіне түсіндіріп берді.
Тілеужан Кішкенебаевтың сөзінше, елде лотерея ойнату - заңсыз болып саналады.
"Себебі Қазақстанда лотерея туралы заңға байланысты лотереяны ойнату үшін арнайы лицензия алу керек. Ал оны алу үшін "Сәтті жұлдыз" мемлекеттік лотерея ұйымы бар. Оған қатысты бірнеше талап бар", - дейді маман.
Мысалы лотерея ойнату үшін бірінші кезекте БАҚ-пен, яғн телеарналармен келесімшарт жасалуы керек.
"Екіншіден баспалар, газеттермен келісімшарт болуы қажет. Үшіншіден, ұтыс ақшасы банкте сақталуы керек. Сонымен қатар, банкпен келісімшарт жасалуы керек. Төртіншіден, инкассациядан келісімшарт болуы қажет. Бесіншіден, күзет агенттігімен келісімшарт болуы қажет. Олар ақшаны жеткізіп берумен айналысады", - дейді Тілеужан Кішкенебаев.
Фото: elements.envato.com
Осы талаптарды орындаған жағдайда ғана лицензия беріледі.
"Ал бізде оның біреуі де орындалмайды. Алаяқтар елге танымал, парақшасында оқырманы көп адамдарды пайдаланады. Олар жарнама жасап, ешқандай лицензия алмай, лотерея ойнатқан. Мысалы әнші Ернар Айдар ойнатқан ұтыста ешқандай сыйлық болмаған. Сыйға берілетін көліктер жалға алынған. Оны "Сәтті жұлдыздағылар" байқап, бірден экономика департаментіне шағымданған. Сөйтіп Ернар Айдар ойын ойнатып жатқан жерінен түсіп, қамауға алынды. Бірақ әнші бостандыққа шықты", - дейді маман.
Ал адвокаттың сөзінше, бұл іс бойынша алаяқтық бабымен іс қозғауға болар еді.
"Біріншіден, ұтысты лицензиясыз ойнатқан. Екіншіден, ұтысқа тігілген тауар шын мәнінде жоқ. Халықты алдау деген сөз. Ол ойында 20 мың билет сатылды, әрқайсы 10 мың теңгеден", - деп түсіндірді Тілеужан Кішкенебаев.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина