- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Қансонарға шығарда сорпа...
"Қансонарға шығарда сорпа ішкізеді". Зайсан тумасы ең жүйрік тазыларды өсіріп отыр
Қазақ халқы ертеден ит жүгіртіп, құс салған. Бұл - қазақтың қанына біткен қасиеті. Бүгінде халқымыздың рухани құндылықтарын дамыту ісі жан-жақты қолға алынып келе жатыр. Оған жастар тарапынан қызығушылық, ал мемлекет тарапынан қолдау бар. Шығыс Қазақстан облысы Зайсан қаласының тумасы да тазы өсірудің өзіндік әдісін меңгеріп, ата-баба мұрасын жалғап отыр. Мансұр Қанатбекұлы кейінгі жылдары ит жүгірту бойынша өткізілген жарыстарда топ жарған. Ол ең жүйрік тазыны өсіріп отыр. Massaget.kz тілшісі жиырма жастағы жігітпен сұхбаттасып, қызығушылығы қайдан туындағанын сұрады.
Қазір өңір жұртты оны "әккі итбегі" атап кеткен. Ол тазының мықтысын сұрыптауды жасөспірім кезінен қолға алған. Облыс көлемінде ит жүгірту жарысы қарқын алмай тұрғанда, тазыларын аңға салып, қансонардың қандай болатынын сезінген.
Ол жетінші сынып бітірген соң Зайсан қаласынан Өскеменге қоныс аударып, қала шетіндегі Ахмер кентінде тұрған. Бұл жер - дөңінен жазығы басым, тазы баптауға қолайлы жер.
Мансұр әр күшігіне де ырымдап ат қойған. Жазықта желдей ессін деп "Құйын", "Желқанат", түріне қарап "Көкқасқа", "Шағала" деп атаған.
Мансұр алғаш тазы баптауды 13 жасында бастаған, ал қазір ит жүгіртуге басымдық берген. Ол Қарағанды өңіріне қарасты Абай ауданында өткен жарыста жүлде алмаса да, мол тәжірибе жинап қайтқан.
"Ит жүгіртуді көп адам түрліше түсінеді. Мотоцикл немесе көліктің артына электрон қоян мен түлкінің терісін байлап тартады. Төреші белгісінен соң тағатсызданған тазылар алға құйындай ұшады. Бірақ бұған күшік кезінде үйреткен дұрыс", - деді Мансұр.
Көкқасқаның ең жылдам тазы ретінде мойындалғаны - Астанада өткен республикалық жарыс. Ол Арқадағы аламанда бір шақырымды 1 минут 13 секундта бағындырып, топ жарған. Оның алдында Аягөзде өткен сайыста үздік шығып, жылқы ұтса, іле Абай облысындағы сында Көкқасқа алдына қара салдырмаған.
Суреттер: Мансұр Қанатбекұлының жеке архивінен
Мансұр қыс пен көктем мезгілінде тазыларын аңшылықта сынайды. Солай бабын сақтап, алдағы бәсекелерге дайындайды. Оның сөзінше, тазылары тағам талғамайды. Тіпті қансонарға шығарда сорпа да ішкізеді екен.
Ол тазының әлемде ерекше тұқым ретінде тезірек мойындалуы үшін жақындарымен бірлесе "Алаш тазылары" атты федерация ашқан. Бастысы, Мансұр тазы асырауды табыс табудың тетігі емес, бабалар қалдырған аманат деп біледі.
Асыл Бигелді
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова