БҚО-да ауыл әкімі ішімдік ішті деген күдікпен ұсталған

БҚО-да ауыл әкімі ішімдік ішті деген күдікпен ұсталған

Батыс Қазақстан облысында полиция Казталов ауданы әкімінің орынбасары Ғаділбек Әлібековты ұстады. Шенеунік түнде кафеден шығып, сол жерден көлігімен қайтып бара жатқан, - деп хабарлайды "Уральская неделя"

Басылымға оның ұсталған сәтін растайтын аудиожазба мен сурет түскен. Полицияның айтуынша, ол ішімдік ішкен. Алайда, басылым мәліметінше, шенеунік аудандық ауруханадағы танысына қоңырау шалып, ішімдік ішпегені  туралы медициналық куәлік алған.

Оқиға 8 ақпанға қараған түні болған. Полиция қызметкерлері ұсталған адамға одан ішімдік иісі шығатынын түсіндіріп, өздерімен бірге полиция көлігіне еріп жүруді сұраған. Бейнежазба түсіріліп жатқанын да ескерткен. Алайда шенеунік бас тартып, дәретханаға барғысы келетінін және құжаттарды әкелгісі келетінін айтқан. Полицейлер ұсталған жүргізушіге кетуге рұқсат бермеген. Содан кейін Ғаділбек Әлібеков телефон арқылы біреуге қоңырау шала бастаған.

"Бәке, мені полиция тоқтатты. Біздің ауылдың жол полициясы", - деп түсіндірген ол телефон арқылы.

Біраз уақыттан кейін жол полициясының қызметкеріне телефон арқылы сөйлесуді ұсынған, бірақ ол сөйлесуден бас тартқан.

Полицейлер Ғаділбек Әлібековтен көлікке өз еркімен отыруды бірнеше рет сұраған. Қарсылық болған жағдайда оған кісен салынатынын ескерткен.

"Мені білесің бе" - деп сұраған шенеунік.

Полиция оны білмейтінін айтқан. Кейін олар шенеунікті көлікке отырғызып, оның мас немесе мас емес екенін білу үшін ауруханаға жеткізген.

Ғаділбек Әлібеков осы жағдайға қатысты пікір білдіріп, мұндай оқиға болғанын растап, бірақ ол сол түні ішімдік ішпегенін айтқан.

"Сол түні кафеге барғаным рас. Бірақ арақ ішкен жоқпын. Түнгі он бір-он екі шамасында үйге келе жатқанда жол полициясы тоқтатты. Олар құжаттарымды талап етті. Құжаттарымды үйден алып, содан кейін дәретханаға баратынымды айттым. Полиция бұған жол бермеді. Мен балаларға ренжідім, оларға "бөтен емеспіз, осы ауданда жұмыс істеймін, осы ауылда тұрамын" дедім. Мен тексерілу үшін ауруханаға бардым. Ішімдік ішпегенім белгілі болды", - деді Казталов ауданы әкімінің орынбасары Ғаділбек Әлібеков.

Сондай-ақ, ол кімге хабарласқанын білмейтінін айтқан.

"Кіммен байланысқаным есімде жоқ", - деді Ғаділбек Әлібеков. 

Казталов АІІБ бастығының міндетін атқарушы Марлен Қарабаев оқиға болған түні ауруханада болғанын айтты. Алайда ол Ғаділбек Әлібековті көрмеген.

"Ауруханаға бардым. Бірақ қай уақыт екені есімде жоқ. Ішке кірмедім, Ғаділбек Әлібековті көрмедім. Бәрі заң аясында болып жатқанына көз жеткізу үшін сол жерге бардым. Тексеріс барысында Ғаділбек Әлібековтің ішімдік ішпегені анықталды. Біздің қызметкерлер оны тұтқындағанда, ол "аудан әкімінің орынбасарымын, неге мені тұтқындайсың? Мен ауруханаға куәландыруға барудан ұяламын" деген. Содан кейін қызметкерлер оны мас деп ойлаған. Ұсталғаны туралы маған кім хабарлағаны есімде жоқ. Ауруханаға бәрі заң аясында болуы үшін бардым", - деді Марлен Қарабаев.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова