Қазақстанда 230 мыңға жуық адам қару ұстап жүр. Оларға қандай талап қойылған?

Қазақстанда 230 мыңға жуық адам қару ұстап жүр. Оларға қандай талап қойылған?
Фото: Tengrinews.kz

Кейінгі жылдары қару-жарақ сататын дүкендерге шабуыл көбейген. Мысалы, 20 ақпанда Шымкенттегі қару-жарақ дүкеніне ер адам қарақшылық шабуыл жасаған. Одан бөлек, қаңтар оқиғасы кезінде де осындай дүкендерден қару-жарақ ұрланған. Елдегі қару сататын дүкендердің құқығы қалай қорғалған? Мұндай дүкендерге қандай талаптар қойылады? Massaget.kz тілшісіне Ішкі істер министрлігі өкілдері арнайы жауап берді. 

Қару-жарақ сататын дүкендерге қандай талап қойылады?

Ішкі істер министрлігінің Massaget.kz сайтына берген арнайы жауабында азаматтық, қызметтік қару мен оның патрондарын өткізу (сату) жөніндегі талаптар белгіленгені айтылған.

Ол талаптарға сәйкес, Қазақстан Республикасының аумағында қару мен патрондармен сауда жасау құқығын қару мен патрондар шығаратын заңды тұлғалар, сондай-ақ өнім беруші заңды тұлғалар лицензиялар негізінде жүзеге асыруға құқылы.

Жеткізуші заңды тұлғалар қару мен оның патрондарын міндетті түрде Қағидалардың 132-тармағында көрсетілген талаптарға жауап бере алатын арнайы жабдықталған қоймада (қару-жарақ бөлмесінде) сақтайды.

Қару-жарақ дүкендері осы талаптарды сақтаған кезде ғана олардың қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі. 


Фото: elements.envato.com

Кімдер қару-жарақ сақтай алмайды?

"Қарудың жекелеген түрлерінің айналымын мемлекеттік бақылау туралы" ҚРЗ 18-бабына сәйкес қарудың нақты түрлерін қолдануға қажетті қорғаныс кезінде өмірі мен денсаулығын және меншігін қорғау үшін қаруды сақтауға, сақтауға және алып жүруге, аса қажетті жағдайларда және қылмыс жасаған адамды ұстау кезінде пайдалануға рұқсаты бар адамдар құқылы.

"Әйелдерге, мүгедектігі бар адамдарға, кәмелетке толмағандарға, олардың жасы белгілі немесе айқын болған кезде, олар топтық және (немесе) қарулы шабуыл жасаған жағдайларды қоспағанда, оларға қатысты қару қолдануға тыйым салынады. Азаматтық және қызметтік қару мен оның патрондарын сату жөніндегі қызметке ІІМ-нің 2015 жылғы 8 қаңтардағы №5 бұйрығымен бекітілген біліктілік талаптарына және осы талаптарға сәйкестікті растайтын құжаттар тізбесіне сәйкес, осы қызмет түрімен айналысуға лицензия алу үшін өтініш беруші үміткерлерге талаптар қойылады", - делінген хабарламада.

Лицензия алу үшін қандай талаптарды орындау керек? 

ІІМ мәліметінше, лицензия алу үшін мынандай талаптар қойылады:

- өтініш берушіде көру қабілетінің бұзылуына, психикалық ауруға, алкоголизмге немесе нашақорлыққа байланысты қаруды иеленуге қарсы көрсетілімдердің болмауы;

- өтініш берушіде соттылықтың болмауы;

- қаруды қауіпсіз ұстау ережелерін білуі қажет.

Сонымен қатар, заңды тұлғада:

-техникалық нығайту жөніндегі талаптарға жауап беретін және өрт-күзет дабылы құралдарымен жабдықталған қару мен оның патрондарын, аңшылық ұнтағын сақтау, сату үшін меншік немесе жалға алу құқығындағы арнайы жабдықталған үй-жайлар;

- келіп түскен, сатылған қару мен оның патрондарын есепке алу жөніндегі құжаттама;

- қару мен оның патрондарын сақтау, сақтау және есепке алу тәртібі бойынша ішкі істер органдарының талаптарына сәйкес келетін біліктілік;

- өз қызметінде қызметтік атыс қаруын пайдаланатын және мобильді топтары (жедел ден қою топтары) бар, осындай екі топтан кем емес сигнализацияның іске қосылуына шығуды көздейтін жеке күзет ұйымымен күзетуге арналған шарт болуы тиіс.


Фото: elements.envato.com

Қағидалардың 3-тарауында азаматтық, қызметтік қару мен оның патрондарын өткізу (сату) бойынша тиісті талаптар белгіленген.

Бұл талаптарға сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында қару мен патрондармен сауда жасау құқығын қару мен патрондар шығаратын заңды тұлғалар, сондай-ақ өнім беруші заңды тұлғалар лицензиялар негізінде жүзеге асыруға құқылы.

Қаруды сатып алған адамға қандай талап қойылады? 

Қару мен оның патрондарын сатып алған адам өзі тұратын үйде қалыңдығы кемінде 3 мм болатын металл шкафта (сейфте) сақтауы тиіс. Шкафтың өзі еденге немесе қабырғаға мықтап бекітілуі керек және бөлменің есігіне ішкі құлып салынуы қажет. Қаруды тұрғын бөлмелердің қабырғаларына іліп қоюға болмайды.


Фото: elements.envato.com

Қалалық жерлерде қару иелері қаруды сақтайтын орындарды (бөлмелерді, металл сейфтерді) үй-жайларды күзетудің сертификатталған жүйесімен (иесінің немесе оның отбасы мүшелерінің ұялы телефонына немесе күзет ұйымына дабыл сигналын беру мүмкіндігі бар сигнализация) жабдықтауға міндетті. Ол және электр желісіне және қайталанатын электрмен жабдықтау көзіне төзімді (тұрақты және қосалқы электр көздерімен жабдықталуы шарт) болуы қажет.

Қаруды қапталған түрде тасымалдау және өзімен бірге тасымалданатын қаруға тиісті құжаттары болуы керек. Бүгінде Қазақстанда 230 мыңға жуық азаматтық қару иелері тіркелген, олардың пайдалануында 340 мыңға жуық қару бар. Олардың көбі, яғни 86,7 пайызы аңшылық тегіс ұңғылы қару. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина