"Бұл 8-көлігім". Аягөздік 76 жастағы әже 40 жылдан бері такси жүргізіп келеді

"Бұл 8-көлігім". Аягөздік 76 жастағы әже 40 жылдан бері такси жүргізіп келеді

Абай облысының Аягөз ауданында ерлі-зайыпты қос қария тұрады. 76 жастағы әже 40 жылдан бері такси жүргізсе, 77 жастағы қарт 25 жыл бойы ат арбамен халықтың жүгін тасиды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Аягөз қаласының тұрғыны Оразхан Манабаеваны халық "такси апа" деп таниды.

"Қазір Toyota 35-ті жүргізіп жүрмін. Бұл - сегізінші көлігім. "Запорожец" пен "Жигулиден" бастап, "Ауди 80", "Ауди-80 Б4" бәрін жүргіздім. Бұрын бала-шағаның қамымен жүрдік. Қазір құдайға шүкір, өкіметтің берген азын-аулақ зейнетақысына қанағат дейміз. Дегенмен үйде отырғанша елмен әңгімелескен жақсы ғой. Халықпен жүргеннен кейін уақыт та көңілді өтеді. Сағат 6-дан кете таң намазын оқып, тамағымды ішіп алып, 7-де жұмысқа шығамын. Кешкі сағат беске дейін жүремін. Сенбі, жексенбі - демалыс. Жұма жолаушыларға жеңілдіктерім бар. Көпбалалы аналарды тегін апарамын. Ақшасы жетпей тұрған кісілерді де діттеген жеріне жеткізіп саламын", - дейді әже.

Ал Оразхан Манабаева 33 жылдан бері жұмада мешітке барып, ғибадат үйінің шаруаларына көмектеседі екен. Бір қызығы, оның Құдай қосқан қосағы Құралбек Райқұлұлы жаз кезінде ат арбамен елдің жүгін тасиды.

"Бұған 25 жылдай уақыт болып қалды ғой деймін. ГАЗельді жалдасаңыз, 5-6 мың теңге алады. Мен мың жарым, әрі кетсе екі мың теңге аламын. Аз да болсын халыққа көмек қой. Бұрын мен секілді арбамен жүк таситын 15-20 адам болатын. Қазір қалмады ғой деймін", - дейді ақсақал.

Бірі ат арбамен, екіншісі темір тұлпармен елдің алғысына бөленіп жүрген қос қария төрт ұлы мен бір қызынан 16 немере, 6 шөбере сүйіп отыр.

Айбын Алтай

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Қ. Әбілдәқызы