Мас адамға садақа беруге бола ма?

Мас адамға садақа беруге бола ма?
Фото: ru.freepik.com

Көшеде біреу қайыр сұрап тұрады, бірақ сіз оның ішіп жүргенін білесіз немесе ол ішетін адам сияқты деп іштей ойлайсыз. Кейде ол кісінің берген ақшаны араққа жұмсап қоятынын біле тұра садақа бересіз. Сол кезде сізді "оның күнәсіне ортақтасып қалмаймын ба" деген ой мазалауы мүмкін. Кейде сол үшін де ондай адамға садақа бермей қалуыңыз мүмкін. Осы нәрсе қаншалықты дұрыс? Бұл сұрақтарға fatua.kz парақшасында ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімінің маманы Медет Құрмашұлы жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Маман садақаны берерде оны араққа жұмсайтынын білмесеңіз, оның сауабын алатыныңызды айтты.

"Садақа берудің ауқымы кең. Садақаны кез келген адамға беруге болады. Бірақ, әлбетте, мұқтаж адамдарға берген абзал. Мысалы, бір адам сізден садақа сұрап тұр, сіз оны қайда жұмсайтынын білмейсіз. Бұл кезде ол кісіге садақа беретін болсаңыз, сіз оның сауабын аласыз. Ал Бұхари Муслимде хадис бар. Пайғамбарымыз, бір кісі "мен бүгін садақа қылайын" деп түнде шығады да біреуге садақа беріп жібереді. Екінші күні адамдар "түнде біреу ұрлықшыға садақа беріпті" деп шулап жүреді. Екінші күні тағы біреуге садақа береді, сөйтсе "жеңіл жүрісті біреуге садақа беріпті" деп тағы шулап жүр екен. Үшінші күні шығып, тағы біреуге садақа береді. Сөйтсе, бай адамға берген болады. Үшінші күні де адамдар "кеше біреу бай адамға садақа беріпті" деп шулайды. Сонда ана кісі "бұл да Алланың қалауы" деп айтады. Сөйтіп, түс көреді. Түсінде біреу былай дейді: сен ұрлықшы адамға садақа бердің, мүмкін ол сол садақа себебінен ұрлығынан тыйылады. Жеңіл жүрісті әйелге садақа бердің, ол сол садақа себебінен жамандығынан тыйылады. Бай адамға садақа бердің, ол сол сенің садақаңнан ғибрат алып, кедейлерге өзі садақа қылар. Сондықтан да жаңағы кісі осы кісілерге садақа берумен қатар ол өзінің сауабын алып жатыр", - деді маман.

Алайда маман егер қайыр сұраушының маскүнем екенін білсеңіз, садақа бермеуге кеңес берді.

"Ал енді сіз біліп тұрсыз, арақ ішетін адам сізден келіп, садақа сұрап тұр. Сіз оны анық біліп тұрсыз немесе ойыңыздың көпшілік басым бөлігімен ол оны араққа жұмсайтынын түсініп тұрсыз. Сондай-ақ ол араққа деп арнайы сұрауы мүмкін. Бұл уақытта ол адамға садақа беруге болмайды. Себебі сіз бұл кезде оған күнәлі, арам іске жәрдем берген болып есептелесіз.

Алла Тағала Құранда былай дейді: бір-біріңе жасылықта, тақуалықта жәрдем беріңдер; дұшпандықта, күнәлі істерде бір-біріңе жәрдем бермеңдер. Сондықтан да анық білетін болсаңыз, оған жәрдем бермейсіз. Жәрдем берген жағдайда сіз күнәлі іске жәрдем берген себепті өзіңіз де күнәлі болып есептелесіз", - деді Медет Құрмашұлы.

 

А. Жапатова