1,1 миллионнан аса адам қарызынан құтыла алады: бүгін банкрот деп танылуға өтініш беру басталады

1,1 миллионнан аса адам қарызынан құтыла алады: бүгін банкрот деп танылуға өтініш беру басталады

Бүгін банкроттық туралы заң күшіне еніп, азаматтар өтініш бере алады. Бұл заң туралы не білу керек? Massaget.kz тілшісі шолу жасады.

Қазақстанда 1,1 миллионнан аса адам банкроттық туралы заң көмегімен қарызынан құтыла алады. Бұл туралы қаржы вице-министрі Ержан Біржанов айтқан болатын. 

Бұл заң бойынша кімдер өтініш бере алатынын түсіндіре кетсек: 

Несие қарызыңыз 1600 АЕК, яғни 5 520 000 теңгеден аспаса;

Оны кейінгі бір жылдың көлемінде төлеуіңіз қажет болса да өтеуге мүмкіндігіңіз болмаса; 

Атыңызда жылжымайтын мүлік, жер учаскесі немесе көлік рәсімделмеген болса өзіңізді банкрот деп танып, өтініш бере аласыз. 

Айта кетейік, екінші деңгейлі банктегі, микроқаржы ұйымдарындағы несиелерді және несиеңіз коллекторларға өтіп кетсе де өтініш беріп, несиені жабуға болады. 

Банкрот деп танылу үшін өтінішті тұрғылықты мекенжай бойынша сотқа жүгініп, беруге болады. 

Банкроттықтың үш түрі бар

Бірінші - соттан тыс банкроттық. Қаржы министрлігінің мәліметінше, ең көп шағым осы бағыт бойынша. Соттан тыс банкроттықты тек банктер, микроқаржылық ұйымдар және коллекторлық агенттіктер алдындағы қарыздар бойынша қолдануға болады. Бұл үшін борышкер кредиторлармен реттеу рәсімін өткізуі қажет және борышкердің меншікті мүлкі болмауы тиіс. Соттан тыс банкроттыққа жүгіну үшін борышкердің қарызы кейінгі 12 айда төленбеген болуы шарт. Банкроттыққа берешегі 5 миллион теңгеден аспайтын тұлғалар жүгіне алады. 

"12 ай бойы төлем уақытылы түспесе, онда тек қана осы бірінші процедураға жатады. Екі-үш ай төлемеген жеке тұлға осы банкроттық рәсімге жүгіне алмайды. Не себепті біз шектеу қойып отырмыз, себебі банкроттықты кей азаматтар кредитті кешіру деп ойлап жатыр. 1-2 ай төлемесе мен банкрот болайын деген жеңіл шешім қабылдамауы үшін 12 ай төленбесе, қиын жағдайға тап болса, банкпен реттеу жұмыстары жүргізілсе ғана содан кейін банкроттыққа келсін деген салмақты шешім үшін қабылданған", - дейді қаржы вице-министрі Ержан Біржанов.

Фото: Тұрар Қазанғапов

Банкрот деп тану үшін отбасы мүшелерінің мүлкі болмауы керек - министрлік

Атаулы әлеуметтік көмек алушыларға қатысты 12 ай бойы төлем болмауы тиіс деген талап қолданылмайды. Олар онлайн түрде соттан өтініш бере алады. Екінші түрі - сот банкроттығы. Ол борышы 5 миллион теңгеден асатындарға қатысты қолданылады. Бұл рәсіммен мемлекеттік кірістер органдары және аудандық басқармалар айналысады. Бірақ сот процедурасы ақылы және қаржы менеджерінің қызметтері үшін айына 70 мың теңге төлеуге тура келеді. Әлеуметтік осал топқа жататындар үшін бұл қызмет тегін. 

"Егер адам банкроттыққа арыз берсе, оның қаржы менеджерінің қызметіне ақы төлеуге мүмкіндігі жоқ екені түсінікті. Сондықтан оларға бөліп төлеу немесе конкурс негізде төлеу туралы келісім жасауға міндетті. Мұнда қаржы менеджерінің жұмысы тек борышты бөліп төлеуге және сот банкроттығына қатысты. Ал соттан тыс банкрот бойынша қаржы менеджері керек емес", - деді Банк мәселелері бойынша тәуелсіз сарапшы Нұржан Бияқаев.

Борышты өтеудің үшінші түрі - төлем қабілетін қалпына келтіру. Тұрақты табысы бар қазақстандықтар осындай процедураға өтініш беріп, сот арқылы қарызды бес жылға дейін бөліп төлейді. Борыш көлемі меншіктегі мүліктің құнынан аспауы керек. Бұл ретте азамат банкрот деп танылмайды.

"Біріншіден, 5 жыл ішінде банктерден және микроқаржы ұйымдарынан ломбард пен микрокредит алудан басқа несие ала алмайды. 7 жыл ішінде қайта банкроттықта жүгіне алмайды. Олардың қаржылық жағдайын банкроттықтан кейін үш жыл бойы тексеру процедуралары жүргізіледі. Төлем қабілетін қалпына келтіру кезінде мұндай салдар қолданылмайды", - деді қаржы вице-министрі Ержан Біржанов.


Фото: Тұрар Қазанғапов

Банкрот деп танылудың салдары бар

Экономист маман Мақсат Серәлінің сөзінше, жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң қабылдау әлемде бар практика. Бірақ өзіңізді банкрот деп танып, несиеңізді жабудың салдары бар. 

"Қазақстан дамыған, дамушы елдердің қатарына қосылуы үшін осындай заңдарды енгізуі керек. Бірақ банкроттық - қарыздан құтылу емес. Оның салдары да бар. Сіз банкрот болғаннан кейін ипотекалық бағдарламаларға қатыса алмауыңыз мүмкін. Несие тарихыңыз нашарлап, екінші деңгейлі банктер арқылы алдағы уақытта несие алу қиындай түседі. Сондықтан банкроттыққа өтініш берер алдында ойлану керек. Оның салдарын түсіну керек. Ал комиссия да банкроттық бойынша түскен әр өтінішті қарар кезде азаматтың экономикалық-әлеуметтік жағдайын қарастыруы керек. Ол үшін екінші деңгейлі банктер не микроқаржы ұйымдарымен өтініш жазған адамға талдау жасау керек. Болмайтын аздаған сома үшін банкроттыққа өтініш беріп, артынша оның салдарын көріп отырмау қажет", - дейді маман.   

Экономист заң бойынша төлем қабілеті жоқ, несиесін төлей алмайтын азаматтар өздерін банкрот деп жариялай алатынын атап өтті. 5,5 миллион теңгеге дейін қарызы бар азаматтар өтініш бере алады. Ипотека не үлкен сомадағы қарызы бар компания, жеке кәсіп не ЖШС қарызы есептелмейді. Тек жеке тұлғалардың, яғни қарапайым азаматтардың қарызы қарастырылады.  

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина