Тоқаев Саясат Нұрбекке бірқатар тапсырма берді

Тоқаев Саясат Нұрбекке бірқатар тапсырма берді
Фото: t.me/aqorda_resmi

Мемлекет басшысы ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекті қабылдады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Президентке Қонаевта академиялық қалашық салу жұмыстары басталғаны туралы есеп берілді.

Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаевқа былтыр халықаралық университеттердің үш өкілдігі ашылғаны және биыл бес жаңа филиал ашылатыны жөнінде мәлімет берілді.

Бұдан бөлек, министр 2023-2029 жылдарға арналған Жоғары білім мен ғылымды дамыту тұжырымдамасының жобасын ұсынды. Құжатта бұл саланы дамытудың барлық стратегиялық міндеті мен көрсеткіші қамтылған.

Мемлекет басшысына ғылыми қызметкерлердің жалақысы 2 есе өскені және іргелі зерттеу жұмыстарымен айналысатын ҒЗИ-ды тікелей қаржыландыру мәселесі жөнінде баяндалды. Алдағы 3 жылда ғылыми жұмыстарды қаржыландыру 3,5 есеге артады.

Министрлік студенттер мен магистранттардың стипендиясын кезең-кезеңмен өсіруді және студенттер жатақханаларында 7 жыл бойы жыл сайын жаңадан 10 мың орын ашуды жоспарлап отыр.

Саясат Нұрбектің айтуынша, 15 өңірлік және 5 педагогикалық ЖОО базасында ғылымды әкімшілендірудің жаңа моделін енгізу және академиялық басымдық орталықтарын құру мәселесі пысықталып жатыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев жоғары білім алуға қолжетімділікті арттырудың және университет инфрақұрылымын дамытудың маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ, жақында ғылымды әкімшілендірудің жаңа моделіне көшу қажетін айтты.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек