"Сап-сау адамды жатқызып тастағанына таңғаламын". Алматылық тұрғын өзінің заңсыз нарко-психо диспансерге түскеніне шағымданды

"Сап-сау адамды жатқызып тастағанына таңғаламын". Алматылық тұрғын өзінің заңсыз нарко-психо диспансерге түскеніне шағымданды

Алматыда адамсенгісіз жайт болды. Алматылық Диана Сабазова үйінде отырған жерінен қалалық медициналық-әлеуметтік түзету наркологиялық орталығына өзін күштеп алып кеткенін айтады. Оқиғаның анық-қанығын білу мақсатында Massaget.kz тілшісі Диана Сабазовамен, оның әкесі, інісімен, сондай-ақ, денсаулық сақтау саласы өкілдерімен тілдесті.

Диана Сабазова - жеке кәсіпкер, аудармашы. Оның айтуынша, өткен аптада үйінде отырған жерінен екі адам келіп, күштеп алып кеткен.

"25 ақпанда үйде отырдым. Жұмыс істеп отырдым. Аудармашы болып жұмыс істеймін. Жеке кәсіпкермін. Кинотеатрларға кино аударамын. Субтитрлер жасаймын. Бір заказымды жіберіп қойып, екіншісін бастағалы отырғанмын. Жұма күні әтірге тапсырыс бергенмін. Бір кезде маған курьер келіп тұр. Маған хабарласпай, бірден үйге келіпті. "Кімсің?" деп едім, "курьермін" деді. Есікті аштым, тапсырысымды қабылдап алдым. Асүйге барып, тапсырысымды ашайын деп жатқанда, есік қайта қағылды. Курьер қол қойдыруды ұмытып кеткен шығар деп есікті аша салдым. Аржағында екі еркек тұр. Біреуінің бойы ұзын, екіншісі орташа бойлы. Қара киініп алған. "Диана, сіз бе?" деді, "Иә, Дианамын" дедім. "Екі апта бұрын біреуді ұрып кетіпсіз" деді. Ондай ештеңе болмағанын білемін. Бірден оларға не керек екенін, құжаттарын сұрай бастадым. "Диана, артық әңгіме керек емес, жүріңіз, сыртқа шығып сөйлесеміз" деді. Мен ешқайда шықпайтынымды, бірінші маған құжаттарын көрсетуін сұрадым. "Арыз түскен болса, полиция келуі керек. Сіздер полициямен келіңіздер, сосын сөйлесеміз" дедім. Есікті аяқтарымен тіреп алған. "Сыртқа шығыңыз" дейді. Мен шықпайтынымды айттым", - дейді Диана.

Көршілері Диананы алып бара жатқан сәтті видеоға түсіріп алған.

Кейін келген екі ер адам Диананың қолына кісен салмақ болыпты. Сол кезде Диана жан ұшыра айналасынан көмек сұраған. Бірақ ешкім естімепті.

"Есікті итеріп көріп едім, шамам жетпеді. Үлкені екіншісіне "қолына кісенді сал" деді. Екіншісі кісенді шығарып, кәдімгідей маған салмақ болды. Мен "көршілер, көмектесіңдер" деп айғайладым. Олар мені итеріп, үйіме кіргізіп алды. Қатты шошып кеттім. Мені ұрып өлтіретін шығар деп ойладым. Содан кейін "шығыңдар, киініп шығамын" дедім. Шкаф тұрған жерге барып, киінген секілді болдым да телефонымды ұстай бергенімде, артымнан кіріп алыпты. Телефонымды жұлып алды. "Телефонымды әкеліңдер" деп айғайладым. "Компьютерімді өшіре салайын" дедім де тез құрбыма "Әсел, полицияға хабарлас" деп жазып жібердім. Бірақ ағылшынша фильмді аударып отырған едім, жазғаным ағылшынша кетіп қалыпты. Әсел сұрақ белгісін қойып жіберген. Аналар артымнан келіп, "не істеп жатырсың?" деді. Компьютерімді өшірдім. Айғайладым", - дейді ол сол күнгі оқиға туралы.

Диана Талғарда баласы екеуі ғана тұрады. Бірақ баласын сол күні өзінің әке-шешесінің үйіне жіберіпті.

"Үйде ешкім жоқ. Мен баламмен тұрамын. Баламды жұмада әке-шешемнің үйіне салып жібергенмін. Әдетте ол сенбі-жексенбіде сол жаққа баратын. Кейін оларға "Тоқтаңдар, болды шығамын" дедім. Қатты шошып кеттім. Киінуге ұйықтайтын бөлмеме кірсем, ұйықтайтын бөлмемнің есігін ашып алып қарап тұр. "Шығыңдар, киінемін" деп айғайладым. Маған олар "киіне бер" дейді. Сөйтіп, киіндім. Далаға шықтым. Сыртқа шықсам, көлікті есіктің алдына әкеліп қойыпты. Есікті ашты. "Кімсіңдер?" дедім тағы. Ел көретін жерге барып тұрайын, өлтіріп кететін шығар деп ойладым. Кетіп бара жатқанымда екеуі көтеріп, көлікке салып алып кетті. Қолымды қайырып ұстап отырды. "Жіберіңдер" дегенді тыңдамады. Өлтіруге апара жатыр деп ойладым. Ештеңе айтпады. Кейін "Мақатаевқа барасың, анализ тапсырасың, біреуді ұрып кетіпсің, не қабылдайсың?" деді. "Қабылдағаны несі, ештеңе де қабылдамаймын, мен дені сау адаммын, ондай оқиға болған жоқ, 2 апта бұрын үйде болдым" деп түсіндіруге тырыстым. Олар тыңдаған жоқ. Көліктің есігі жабық екен. Арпалысып отырып, Мақатаевқа жеттім. Сырт киімімнің бәрі жыртылған. Талғардағы үйімнен алып кетті", - дейді ол.

Осылайша, Диананы үйінде жұмыс істеп отырған жерінен екі ер адам Мақатаев 10 мекен жайында орналасқан Наркологиялық диспансерге алып келіпті. Кейін ол сол жерде сұмдық көріністің куәсі болып, адамсенгісіз жайтты естіген.

"Жеттік. "Диана, анализ тапсырасың, шығып, үйіңе қайтасың" деді. "Түсініспеушілік болар, жала жапқан шығар" дедім. Есігі жабық жерге апарды. Отырдым. Қанайналымымды өлшеді. Қанайналымым 160 болып кеткен. Бұрын 100/80 еді. Ішімдікті тексеретін құрылғыны алғызды. Үрлетті. Үрледім. Нәтижесін көрсетпеді. Бірақ ештеңе ішкен жоқпын. Нәтижесін медбикеге көрсетті. Бір кезде айғайлай бастадым. Ал медбике "Диана, қазір жатасың" деді. Мен не үшін жататынымды сұрадым. Ештеңе айтпады. Бір кезде кезекші дәрігер келіп, кім екенімді сұрады. Мен үйден ұрлап алып кеткендерін айттым. Дәрігер шошып кетті. Медбике "жүріңіз" деп, алып кетті. Екеуі сөйлесіп келді. "Диана, бүгін осы жерде жатасыз" деді. Мен жатпайтынымды айттым. "Шу шығарма" деді. Екі жігіт қадағалап тұр. Шу шығарсам, байлап тастайтындарын айтты. Шок болдым. Не болып жатқанын түсінбедім. Жатпайтынымды айттым. "Кім, не үшін жасап жатыр?" деп едім, медбике адамның ең жақын туыстары ғана осылай істей алатынын айтты. Олардың құқығы бар екенін жеткізді. Сол кезде анам деп ойладым. Туған анам. Жаман болдым", - дейді ол.

Кейін Диана медбикелерден бес күн сонда жататынын білген.

"Медбике екпе, киім алып келді. Кимейтінімді айттым. Ана жігіттер шешінбесем, күшпен шешіндіретіндерін айтты. Бір палата бар екен. Соған кіргізді. Медбике де "мен ғана қарап тұрамын" деп кірді. Бірақ екінші жігіт те кіріп алып, екеуі екпе салып жіберді. Не екпе екенін білмеймін, айтпады. "Қанайналымын түсіретін" деді. Содан кейін палатаға апарды. Ол жақта тағы бір әйел жатыр екен. Маған зәр өткізу керек екенімді айтты. Жақсы дедім. Зәр шықпай қойды. Олар күтіп жүрді. Су әкеліп берді. Түк шықпай қойды. Барлық сұрағымды бөлім басшысына қою керек екенімді айтты. "Дүйсенбіге дейін келмейді ғой" десем, "келеді" деді. Маған система салды. Салып жатқан кезде "қанша күнге жатқызып жатсыздар?" десем, "Диана, саған шынымды айтайын, бес күнге төленіп қойды" деді. Не сұмдық? Шок болдым. Зәрімді қойып қойдым. Оны ешкім алған жоқ. Меніңше, оны жай ғана лақтырып тастады. Себебі бірден алып кеткен жоқ, түнімен тұрды", - дейді ол.

Сондай-ақ, келесі күні Диана медбикелерден телефон беруін өтінген. Өзінің айтуынша, ашық қызғылт түсті екпе де салған.

"Екінші күні "не салып жатсыңдар" дегенде, дәрумен екенін айтты. Одан кейін ұйқы басып, тұра алмай қалдым. Өзім қанайналымынан шығар деп ойладым. Күйзелістен шығар дедім. Кешке тамақ әкелді, оны іштік. Кешкі сағат 10-дарда дәрі ішуім керек екенін айтты. Ішпейтінімді айтып, байбалам салдым. Медбике есімін көрсетпей қойды. Телефонымды бермеді. Медбике дәу еңгезердей адамды шығарып салды. "Диана, орныңнан тұр, дәріңді іш" деп қоқан лоқы жасады. Байлап тастар деп өзім бардым. Медбике "жарайды, бірақ саған ұйықтатын екпе саламын" деді. Салды. Палатаға келіп жаттым. Қорқып ұйықтай алмадым. Терезенің бәрінде тор тұр. Келесі күні медбикеден телефон беруін сұрадым. Ол тексерістен кейін бір рет хабарласуға болатынын айтты. "Жарайды" деп қуанып кеттім. Бірақ ешкімнің нөмірін білмеймін. Олар тексеріс жасады, қанайналымымды қарады", - дейді Диана Сабазова.

Бір күннен кейін Диана ауруханадан шығарылған. Бұған себеп үйінен күштеп алып кетерде құрбысына асығыс жазған хабарламасы болған.

"Бір кезде санитар әйел жүгіріп келіп, анам келіп тұрғанын айтты. Анам жыртылған сырт киімімді тігіп алып келіпті. Ол өзі жасамағанын айтып отыр. "Мен істеген жоқпын, сенің бұрынғы күйеуің жасатып отыр" дейді. Мен бұрынғы күйеуіммен араласпаймын. Ол ондай жасамайды. Ол менің туысым, ешкімім емес, ондай жасай алмайды. "Өтірік айтпашы" деп шығып кеттім. Осылайша, шығарып алды. Неге шығарып алды десем, Әсел деген құрбыма жаздым ғой. Сол құрбым жауап жазбағаныма алаңдап, ағылшынша қаріппен түсініксіз жазылып кеткенді оқыпты. Сіңілілеріме, ініме хабарласқан. Туған інім телефонын алмаған. Нағашы сіңілім анама хабарласқан. "Диана қайда?" десе, "ауруханада" деген. Бірақ қай аурухана екенін айтпаған. Сіңілім "айтпасаңыз, туысқандардың бәріне айтамын, шу көтеремін" деген. Содан кейін шығарып алды", - дейді Диана.

Бір күн ішінде адамсенгісіз оқиғаларды бастан кешірген Диана Талғар аудандық полиция бөліміне де арыз жазған. Алайда Диананың айтуынша, іс басқа бап бойынша қаралып жатыр.

"Шыққаннан кейінгі күні Талғар аудандық полиция бөліміне арыз жаздым. Арызды адам ұрлау бабы бойынша қабылдады. Інім кеше істі полиция үйге баса көктеп кіру бойынша ашып жатқандарын айтты. Тергеушінің қолында мені көлікке отырғызып жатқан видео бар. Дәрігерлер мені неге олай жатқызады? Мен ешқандай есепте тұрған жоқпын. 27 ақпанда Invitro-ға анализ тапсырдым. Олардан лаборотория қайда орналасқанын сұрадым. Олар Мақатаев, 10 мекенжайында орналасқанын айтты. Олар барлық лаборотория сонда екенін айтты. Аты-жөнімді айтпай тапсырайын деп ойлағанмын. Бірақ сотта көрсете алмайтынымды ойлап, өз атыммен тапсырдым. Кеше нәтиже келді. "Ештеңе табылған жоқ, биоматериал жоқ" деген нәтиже келді. Системамен салынған нәрселер 4 күннен кейін қаннан шығып кетеді екен", - деді ол.

Диананың сөзінше, әкесі бұл жағдайдың бәрінен хабарсыз болыпты.

"Әкем бұл жағдайды білмеген. Сенбіде анам баламды ойнайтын залға апарып, жалғыз тастап кеткен. Анам оларға менің ауру екенімді айтады. Анаммен сөйлескен жоқпын. Інім анаммен сөйлескен. Ініме де менің ауру екенімді, емдету керек екенін айтады екен. Өзінің психологиялық ауытқуы бар", - дейді Диана.

Сондай-ақ, Диана ауруханада аты-жөні басқаша тіркелгенін мәлімдеді.

"Ол жерде мені басқа атпен тіркеді. Алғашында Сабазова деп тұрды. Кейін құтыда басқаша ат тұр. Медбикеден сұрағанда, "бастысы есіміңізді білемін, бәрі жасырын түрде" деді", - дейді Диана Сабазова.

Диана ауруханадан шыққан соң анализ де тапсырып көріпті. Бірақ ештеңе дәлелдей алмай отыр.

"Invitro-ға тапсырғанымды лабораторияға жеткізбеген. Шарасыз қалып тұрмын. Сап-сау адам мынадай жағдайға жетіп, дәлелдей алмай отырмын. Дәрігерлер сау адамды қалай жатқызып тастағанына таңғаламын. Тіпті ауруханаға барсаң да тексереді ғой", - дейді ашынған ол.

Мәселенің ақ-қарасын анықтау мақсатында Диана Сабазованың әкесіне хабарласып көрдік.

"Анасы жатқызып тастады. Басқа кім? Жігіттерге мекен жайын берген кім? Анасы. Қазір қызымның қасындамын. Қорқамын деген соң қызымның қасына келдім. Анасы ұлыммен тұрады", - деді Диана Сабазованың әкесі.

Диананың құрбылары да оның ешқандай есепте тұрмайтынын жазып, әлеуметтік желіде осы мәселені көтеріп жатыр.

Сонымен қатар, Диананың туған жалғыз інісімен де тілдестік.

"Анам ақшасын төлеп қойған. Мен білген жоқпын. Анам кейін Диананы жатқызып тастағанын, емделуі керек екенін айтты. Әпкемнің проблемасы жоқ. Әрине, заңсыз ғой. Бірінші рет істеп отыр. Осы жағдайдан кейін психикасында проблема бар сияқты (анасының - еск.). Неге жатқызғанын сұрағанымда, Диананың денсаулығы нашар екенін, емдеу керек екенін айтты. Мен екеуі келісіп, кейін жатқызған шығар десем. Күштеп апарған", - дейді Диана Сабазованың інісі Абылай.

Ал Диананың бұл орталықтан шығуына себеп болған Әсел құрбысының ешқандай проблемасы жоқ екенін айтады.

"Сағат 11.30-да маған хабарлама жазды. Мен оған мән берген жоқпын. Қате кеткен шығар дедім. WhatsApp-қа жаздым, жауап бермеді. Телефон соқтым. Жауап бермеді. Диана қажет болды да екі-үш мәрте хабарластым. Кешке ағылшынша жазғанын орысша қаріптерге аударып көрдім. "Әсел, полицияға хабарлас" деп тұр екен. Шошып кеттім. Бірден сіңілілеріне хабарластым. "Анасына хабарласыңдар" дедім. Дианамен бірге оқыдық, бірге жұмыс істейміз. Нарко-психо диспансерге салып тастайтындай ешқандай проблемасы болған жоқ", - дейді Диананың құрбысы Әсел.

Кейін Диана бір күн жатып шыққан диспансерге хабарластық.

"Иә, жатқызылды. Бірақ 26 ақпанда алып кетті. Дәрігерге хабарласа аласыз ба?" - деді тұтқаны алған қызметкер.

Ал диспансердің бөлім басшысы ол жерде бәрі құпия ақпарат ретінде сақталатынын айтып отыр.

"Жоқ. Кім берді менің нөмерімді? Ақпарат бермейміз. Бәрі анонимді бізде", - деді Бөлім басшысы.

Сондай-ақ, пікір алу мақсатында Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы өкілдеріне де хабарласып көрдік.

"Бұл - дәрігерлік құпия. Ешқандай ақпарат бере алмаймыз. Тек туыстарынан біле аласыз", - деді Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы өкілі.

Талғар аудандық полиция бөлімінің өкілі де осы іске қатысты пікір білдірді.

"Қазір 149-бап бойынша қарастырылып жатыр. Яғни үйіне баса көктеп кіру бойынша қаралады. Кім алып кеткенін, қайда апарғанын анықтап жатырмыз. Басқа бапқа, яғни адам ұрлау бабына ауыстыру туралы мәселені қарастырып жатырмыз. Басқа ешқандай мәлімет бере алмаймыз", - деді осы істі қарап жатқан тергеуші.

Ал осы іске қатысы бар болуы мүмкін Диананың анасына екі күн бойы хабарласқанымызбен байланыса алмадық.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова