Байзақ ауданындағы жарылыс кезінде қайтыс болған екі әскериді тапқан ит туралы білесіз бе?

Байзақ ауданындағы жарылыс кезінде қайтыс болған екі әскериді тапқан ит туралы білесіз бе?

Екі жыл бұрын Тараз қаласындағы кинологиялық орталықта жаттыққан Моно атты иттің қырағылығы бүкіл елге танылған. Байзақ ауданындағы жарылыс кезінде қайтыс болған екі әскериді осы ит тапқан болатын. Massaget.kz тілшісі Тараз қаласындағы кинологиялық орталықтың аға инспекторы Бауыржан Ізбасаровқа хабарласып, құтқарушы иттер туралы сұрады.

Соңғы уақытта құтқарушы иттер туралы көп айтыла бастады. Бұған Түркиядағы құтқару жұмыстары кезінде қазақстандық кинологтардың тигізген көмегі әсер еткені анық. Осыдан кейін жұрттың із кесуші иттерге деген ықыласы арта түсті.  

Кинологтар күзет, қауіпсіздікті қадағалау, қылмыскерлерді құрықтау мақсатындағы жұмыстарға негізінен бельгиялық және неміс овчаркалары, спаниель, лабрадор, ротвейлер иттердің тұқымдарын күшік кезінен алып үйретеді екен.

Бірақ орталықта танымал иттерге бөліп-жарып қарамайды. Біреуді құтқарған-құтқармағанына қарамастан, құтқарушылардың бәрі иісшіл әрі өз істеріне адал болады екен.

"Біз кесуші иттерді осы кинологиялық орталықта дайындаймыз. Иттерді жаттықтыратын, құтқару жұмыстары кезінде солармен жұмыс істейтін 10 кинолог маман бар. Біреудің жаттықтырған итімен екінші кинолог құтқару операцияларына қатыса алмайды. Бір маманның тапсырмасын орындап үйренген ит басқа адамның жетегіне жүрмейді", - дейді Бауыржан Ізбасаров.

Негізі орталыққа итті жақсы көретін, жаттықтырудың машақатына шыдайтын, төзімді адамдар ғана жұмыс істей алады екен. Бір адам 5-6 итті дайындайды. Орталықта әртүрлі қызметке дайындаған 49 ит бар.

"Біз иттерді арнайы есірткілік зат іздеуге, иіс ізіне түсуге, жарылғыш заттарды анықтауға үйретеміз. Оларды патрульдік кедендерде одорологиялық қарауылдық, штурмдық бағыттарда қызмет етуге де пайдаланады", - дейді кинолог.

 

Бұл кәсіп қырағылықты, тәртіпті талап етеді. Кез келген адам кинолог болып кете алмайды. Себебі құтқарушы иттер күшік кезінен баққан адамның ғана бұйрығын орындап, соған ғана бағынады.

Ардақ Сырымбет

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Massaget.kz