Жыл сайын сапасыз алкогольді тұтынудан өлім-жітім артып барады. Спирттік ішімдіктер қымбаттауына байланысты контрафактіге сұраныс артып жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қазақстанда алкогольден уланудан және ауыр интоксикациядан кейін ай сайын 30-ға дейін адам қайтыс болады. Көбінде аз қамтылған адамдар мен зейнеткерлер осындай жағдайларға душар болып жатады.
Заңсыз спиртті жаппай өндіру Қазақстанның барлық дерлік өңірінде бар жағдай. Кез келген қалада құқық қорғау органдары жерасты цехтарын әшкерелеп жатады. Арақты пластикалық бөтелкелерге құятын алкодиллерлер ерекше қауіп төндіреді, дегенмен заң бойынша сырадан басқа барлық алкогольді пластикалық контейнерлерге құюға тыйым салынған. Себебі пластик алкогольмен әрекеттесетіндіктен, улы қосылыстар денеге енеді.
"Ең жаманы — метил спирті бар контрафактілі алкоголь. Метанолы бар бір стақан адам өмірін қиюы мүмкін. Метанол бүкіл денеге тез таралады және жасушаларда ең ауыр у — формалин түзіледі. Адам әлсіздікке, бас айналуға, ентігуге ұшырап, көз алдында жарқыл пайда болады. Есінен танады. Осы уақытта мидың қайтымсыз зақымдануы болады. Бұл кем дегенде соқырлық, ауыр неврологиялық асқынулар. Ең ауыры өлім-жітімге апарады", - дейді дәрігер және "Денсаулық" Ұлттық қауымдастығының басшысы Бақыт Түменова.
Айта кетйік, бұған дейін қай өңірдің тұрғындары ішімдік көп ішетіні анықталған болатын.
Денсаулық сақтау министрлігі өкілдерінің хабарлауынша, еліміз бойынша ішімдік ішетін өңірлер бір-бірінен ерекшеленеді.
Ақтөбе (20,9 пайыз) және Қостанай (19,6 пайыз) облыстарында алкогольді тұтынудың ең жоғары көрсеткіштері анықталды.
Сондай-ақ, Алматының орташа республикалық көрсеткіші - 15,5 пайыздан асады.
Ал Маңғыстау облысы мен Шымкентте ең төменгі көрсеткіш - 0,8 пайыз және 1 пайыз.