- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Шенген визасы: қосымша...
Шенген визасы: қосымша консультация деген не? Турагент түсіндіріп берді
Қазақстан азаматтарына Шенген визасын алу қиындай ма? 1 наурыздан бастап енгізілген қосымша консультация деген не? Бұл нені білдіреді? Мұны турагент, виза алуға көмектесетін маман Роза Есенқұлова түсіндіріп берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Роза Есенқұлованың айтуынша, қазақстандықтар үшін Шенген визасын алу ережесіне қатысты айтарлықтай өзгеріс жоқ, виза беретін орталықтар 1 наурыздан бастап тек қосымша құжаттар сұратуы мүмкін. Ал қазақстандықтар бұрынғыдай керек құжаттарды жинап, өткізе береді.
"Виза беретін әр орталықтың сайтында қандай құжаттар керегі жөнінде жазылған. Осы құжаттарды өткізгеннен кейін елшілік, консулдық немесе виза беретін орталық қосымша құжаттар сұратуы мүмкін. Алайда қазір мұндай қиындық көріп жатқан жоқпыз. Өз клиенттерім Шенген визасын алып жатыр, бірақ кейбір мемлекеттердің виза беретін орталықтарында орын толып қалған, сол себепті жазылу бойынша қиындық туып жатыр, бірақ көпшілігі наурыздың алғашқы күндеріне бос орын бар", - дейді ол.
Роза Есенқұлова. Фото жеке архивінен
Оның айтуынша, турист бұрын қандай да бір елден депортацияланбаса, Шенген аймағындағы мемлекеттердің заңын бұзбаса, ешқандай проблема болмауы тиіс. Ал туристер виза алуға құжаттарын жоспарлап отырған сапарынан 3 ай бұрын тапсыра бергені жөн.
"Былтыр қазанда Астанада және Алматыда Италияның виза беретін орталықтары жабылып қалды. Биыл бұл проблема шешіледі деп үміттенеміз. Шенген аймағына кіретін елдерге барғысы келетіндер алдын ала, 3 айға дейін құжаттарын өткізуіне болады. Егер турист мамыр айында Шенген аймағына кіретін бір елге баруды жоспарлап отырса, қазірден тапсыра беруіне болады. Қазір визаны рәсімдеу шамамен 15 күндей уақытты алады. Кей мемлекеттердің консулдықтар 5-ақ күннің ішінде виза береді. Ал кей мемлекеттер виза беруді 20-25 күнге дейін созып жібереді. Бұл - қалыпты жұмыс процесі. Мұндай жағдай болып тұрады. Кейбір адамдар ресми жұмыс істемесе де, талап етілетін жұмыс орнынан анықтаманы қандай да бір ЖК, ЖШС-дан қолдан жасатып өткізеді. Сол себепті бұл жұмыс орнынан зейнетақы жарнасы түспейді. Сол сияқты қонақ үйдің бронін де өтірік көрсетеді. Мұндай кезде, әрине, проблема болады. Осындай жағдайлардың алдын алу үшін қосымша консультацияны енгізген шығар деп ойлаймын", - дейді Роза Есенқұлова.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстан Еуроодақтың қара тізіміне енгенін, ел азаматтарына Шенген визасы берілмейтіні туралы ақпарат тараған еді. Сыртқы істер министрлігі Қазақстанның ешқандай қара тізімге енбегенін, тек виза алатын кезде қосымша консультациядан өтетінін хабарлады.
"Біз еуропалық тараптан ресми хабарлама алған жоқпыз. Алайда жұмыс тәртібінде бізге келесіні хабарлады - 1 наурыздан бастап Қазақстан Шенген визасын беру кезінде бұдан былай азаматтары үшін қосымша консультациялар талап етілетін елдердің тізбесінде болады. Шенген келісімінде "қара" немесе "қызыл" тізім деген ұғым жоқ, бұл әдеттегі жұмыс процесі туралы айтылған", - деді ведомствоның ресми өкілі.
Сонымен қатар, Айбек Смадияров қосымша консультациялар басталуы мүмкін 40 ел кіретін тізім "қара тізім" деп аталмайтынын, өйткені олардың арасында Еуропалық одақпен тығыз қарым-қатынастары бар және қауіпсіздік жағынан қолайлы Орталық Азияның барлық елі, Әзербайжан, Армения, Марокко, Тунис, Иордания, Вьетнам сияқты елдер кіретінін айтты.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
М. Лұқпан