- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Қазақстан азаматтарына Шенген...
Қазақстан азаматтарына Шенген визасын алу қиындайды
Қазақстан азаматтары Шенген визасын алатын кезде қосымша консультациядан өтеді. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Қазақстанның қандай да бір тізімге енгізілгені туралы мәселеге келсек, біз еуропалық тараптан ресми хабарлама алған жоқпыз. Алайда жұмыс тәртібінде бізге келесіні хабарлады - 1 наурыздан бастап Қазақстан Шенген визасын беру кезінде бұдан былай азаматтары үшін қосымша консультациялар талап етілетін елдердің тізбесінде болады", - деді ведомствоның ресми өкілі.
Айбек Смадияровтың айтуына қарағанда, Шенген келісімінде "қара" немесе "қызыл" тізім деген ұғым жоқ, бұл әдеттегі жұмыс процесі туралы айтылған.
"Мұндай қадам, біз түсінгендей, Шенген келісімінің бір елі сұратты, өйткені Еуропалық одақ ережелеріне сәйкес, Еуропалық одақ пен Шенген аймағының елдері виза алуға өтініш берген үшінші елдердің азаматтарына қатысты қосымша консультациялар бастауға құқығы бар", - деді ол.
Оның сөзінше, мұндай консультациялар жеті күнге созылуы мүмкін. Бұл ретте визалық сауалнамаларды жалпы қараудың стандартты мерзімі бұрынғыдай қалады – 15 күнге дейін, яғни іс жүзінде біздің азаматтарымыз үшін визаларды қарау рәсімінде қандай да бір өзгерістер болмайды.
"Қайталап айтқым келеді - іс жүзінде біздің азаматтар үшін визаларды қарау рәсімінде қандай да бір өзгерістер болмайды. Азаматтарына қатысты қосымша консультациялар басталуы мүмкін 40 ел кіретін тізім "қара тізім" деп аталмайды, өйткені олардың арасында Еуропалық одақпен тығыз қарым-қатынастары бар және қауіпсіздік жағынан қолайлы Орталық Азияның барлық елдері, Әзербайжан, Армения, Марокко, Тунис, Иордания, Вьетнам сияқты көптеген елдер кіреді", - деді Айбек Смадияров.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
М. Лұқпан