1 наурызда Қазақстан бойынша дабыл жүйесі іске қосылады

1 наурызда Қазақстан бойынша дабыл жүйесі іске қосылады
Фото: elements.envato.com

Дүниежүзілік Азаматтық қорғаныс күні шеңберінде 2023 жылғы 1 наурызда азаматтық қорғаудың құлақтандыру жүйесіне республикалық тексеру жүргізіледі, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

1 наурыз Дүниежүзілік Азаматтық қорғаныс күні аясында сағат 09:00-ден 12:00-ге дейін азаматтық қорғаудың ескерту жүйесіне республикалық тексеру жүргізу жоспарланып отыр.

"Төтенше жағдайлар туралы халықты құлақтандыру және хабардар ету тұрғындарды табиғи құбылыстардың әртүрлі факторының әсерінен болатын апаттың немесе жойқын әсердің теріс салдарынан қорғауға мүмкіндік беретін негізгі қауіпсіздік шарасы саналады.

Құлақтандыру жүйесін тексеру барысында электр сиреналарын және сиреналық-сөйлеу құрылғыларын (дауыс зорайтқыштарды) қысқа мерзімге қосу, сондай-ақ, теледидар және радиоарналарының эфирін ұстап алуды жүзеге асыру, интернет-ресурстар мен мобильді қосымшаларда ақпаратты орналастыру көзделеді", - делінген хабарламада.

"Баршаның назарына!" дыбыстық сигналы - бұл қауіп төнген немесе төтенше жағдай туындаған кезде барлық шұғыл хабарламаны берудің алдында халықтың назарын аудару үшін берілетін ескерту сигналы.

Дыбыстық сигналды естіген кезде теледидарлар мен радиоқабылдағыштарды қосу керек, Интернет-ресурстардағы және мобильді қосымшалардағы ақпаратты оқып шығу қажет.

Сонымен қатар, қауіпті өндірістік объектілер мен гидротехникалық құрылыстардағы жергілікті құлақтандыру жүйелерінің жарамдылығы тексеріледі.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек