Музыкалық білімі жоқ, Арбатта ән айтқан. Darkhan Juzz көпшіліктің есінде немен қалды?

Музыкалық білімі жоқ, Арбатта ән айтқан. Darkhan Juzz көпшіліктің есінде немен қалды?

Қазақстандық танымал музыкант Darkhan Juzz-дің қазасы тыңдармандары мен көпшілікті есеңгіретіп тастады. Darkhan Juzz кім және ол көптің есінде қалай қалды? Massaget.kz тілшісі марқұмның сұхбаттарын қайта тыңдап шықты.

Дархан Жүнісбеков – Алматыда туып-өскен, отбасының кенже баласы. Оның әкесі 15 жыл әскери қызметкер болып қызмет еткен.

Ол сұхбаттарында әкесінің ән айтып, гитарада ойнағанын айтады. Ал анасы музыкадан алшақтау, сырлаушы болып жұмыс істеген, бірақ қазақшасы бай болған. Дархан әндеріне мәтін жазғанда ұйқастыруды дәл анасынан үйренгенін айтқан.

Дархан ән айтуды Алматыдағы Ақсай шағынауданындағы үйінің ауласынан бастаған.

"Ән айтуды есік алдында 14 жасымда бастадым. Үлкендер, балалар жиналады. Адам көп, ал біз отырып алып ән айтатынбыз. Ақсайда 50-дей адам жинайтынбыз", - дейді марқұм 2018 жылы "Азаттық" радиосына берген сұхбатында.

Ол 14 жасынан бастап ән де жазған, алайда әуеліде оның әндерін көпшілік тыңдамаған, білмеген, түсінбеген.

Дархан 9-сыныпты бітіргеннен кейін колледжге дизайнер мамандығына оқуға түскен, алайда 1,5 жылдан кейін оқуынан шығып кеткен. 

"Менің музыкалық та, басқа да білім жоқ. Тіпті ноталарды білмеймін, бірақ музыканы түсінемін және оны жақсы көремін", - дейді ол 2019 жылы The Steppe порталына берген сұхбатында.

Ол колледжден оқудан шығып қалғаннан кейін хабарландырулары бар газет сатып алып, дистрибьюторлық компанияға жұмысқа орналасады, Қарағандыға көшіп кетеді. Бұл компанияда бизнес-тренингілер ұйымдастырумен, кітаптар шығарумен айналысқан.

"Мен бұл іске беріліп кеттім, директор болғым келді, өз компаниямды ашқым келді. Маркетингті аздап түсіне бастадым, келіссөздер жүргізуді үйрендім", - дейді Darkhan Juzz 2020 жылы perspectum.info-ға берген сұхбатында.

Бірақ Дархан бір күні ішімдікке салынып кетіп, тағы да гитараны қолына алады. Бұрынғыдай ән салады, кеңседегі жұмысына оралғысы келмейді. Осылайша, 2016 жылы Алматыға оралып, көше музыканттарының ең танымал орны - Арбатта ән айтады. Осы кезде "Ең сұлу" және "Қалдырма мені" деген әндерін шығарады.

Оның әні 2017 жылы "8 этапов любви" қысқаметражды фильмінде орындалып, таныла бастады. Оның "Күн мен айым" бейнебаяны Gakku телеарнасынан көрсетілді.

Дархан Жүнісбеков "Ирина Кайратовна" тобымен бірге "Неге Нигга?" әнін орындап, көпшілікке бірден танылып кетті.

Әуеліде әншінің әндерінде боғауыз сөздерді қолданатынын жақтырмағандар, оның стилін түсінбегендер болды. 

"Боғауыз сөздерді азайтамын деп шештім, бірақ біреуге ұнауға тырыспадым, тырыспаймын да. Ұнау керек деген ниетім бар шығар, бірақ бір жағынан шынайылығыңды жоғалтып алсаң - бітті, әнші, артист ретінде жоқсың. Сол үшін шынайылығымды жоғалтпау үшін қалағанымша сөйлеймін", - дейді ол.

Еске салайық, бүгін, 24 ақпанда Darkhan Juzz лақапатымен белгілі әнші Дархан Жүнісбеков қайтыс болғаны белгілі болды.

Сыртқы істер министрлігі өкілдері әнші Дархан Жүнісбековтің өліміне қатысты түсінік берді.

"Таиланд полициясының ақпараты бойынша, 24 ақпанда Пхукет аралында Қазақстан азаматы Дархан Жүнісбеков қайтыс болды. Ол жалға алған мопедімен жол апатына түскен. Консул марқұмның туыстарымен байланыста, Қазақстанға мәйітті жіберу үшін қажетті құжаттарды ресімдеу бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр", - деді СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров. 

Darkhan Juzz (Дархан Жүнісбеков) – рэп орындаушысы, ән авторы және дыбыстық продюсер еді. Оның жұмысы классикалық трапты, акустикалық гитараны және сезімтал лириканы біріктірді. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

М. Лұқпан