Қазақстанда ажырасу статистикасы азайып келеді

Қазақстанда ажырасу статистикасы азайып келеді
Фото: Tengrinews.kz/Әлихан Сариев

Неке - екі адамның болашаққа бастаған үлкен әрі маңызды қадамы. Халықтың "үйлену оңай, үй болу қиын" деуінің астарында үлкен мән жатыр. Өйткені екеу болып жаңа өмірге қадам басқандардың бәрі бірдей бірлікте өмір сүре алмайтыны жасырын емес. Алайда елімізде қоғамда отбасылық құндылықтарды дәріптеу, ажырасудың алдын алу, жанұя тақырыбын бірінші орынға қою мақсатында түрлі шаралар атқарылып жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ажырасу статистикасы қандай?

Ұлттық статистика бюросы мәліметінше, былтыр 12 ай ішінде Қазақстанда 128,5 мың неке тіркелген. Бұл көрсеткіш 2021 жылғы 12 аймен салыстырғанда 8,4 пайызға төмендеген. Бұған дейін де ажырасу көрсеткіші төмендегені байқалады (2021 жылы - 34,4 пайыз, 2020 жылы 37,2 пайыз).

"Неке коэффициенті 1000 адамға 6,46 болады. Сондай-ақ, осы кезеңде 17,7 мың ажырасу тіркелді (соттың некені бұзу туралы шешімдерін есепке алмағандағы АХАТ органдарының деректері бойынша), бұл да 2021 жылғы деңгейден 8,1 пайызға аз. Ажырасу коэффициенті 1000 адамға 0,89 болады", - делінген Ұлттық статистика бюросы мәліметтерінде.

Отау құрған жастардың ажырасуының алдын алу үшін атқарылған шаралардың бірі "Отбасылық сот" болды. Отбасылық соттың негізі мақсаты - қоғамдағы ажырасу санын азайту, дауласып жүрген ерлі-зайыптылардың бітімге келтіріп, татуластыру.

Заңда қандай өзгеріс болып жатыр?

Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Президентінің былтырғы 1 сәуірдегі "Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылғы 6 желтоқсандағы № 384 жарлығына өзгерістер енгізілген. Сондықтан отбасы инситутын нығайту, отбасылық даулардың алдын алу секілді мәселелер шешіле бастаған.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы Қазақстан халқына жолдауында да ажырасу мәселесін көтерген еді. Кез келген отбасын құрған ерлі-зайыптының жұп ретіндегі өмірлік миссияларының бірі бала сүю, ұрпақ көбейту екені жасырын емес. Қазақ қашан да ұрпағының өсіп-өнуін қалаған. Осылайша, отбасылық құндылықты жалғайтын ұл мен қызға үміт артқан әрі берік жанұяның кепілінің бірі бала деп ұққан. Президенттің айтуынша, ажырасудың бір себебі бала сүйе алмау мәселесі болып отыр.

"Өкінішке қарай, Қазақстанда әр­бір алтыншы отбасы бала сүйе алмай отыр. Сауалнама көрсетуінше, отандас­та­ры­мыз­дың 20 пайызға жуығы мұны ажы­расуға негіз болатын елеулі себеп деп санайды", - деген еді Президент бұл турасында.

Осылайша, Тоқаев Үкіметке 2021 жылдан бастап "Аңса­ған сәби" арнаулы бағдарламасын жүзеге асыруды тапсырған болатын. 

"Мерейлі отбасын" талай отбасының мерейін асырды

Елімізде 2013 жылдан бастап қыркүйекте Отбасы күні аталып өтіледі. Бұл да отбасылық құндылықтарды жаңғыртуға бір сеп болып отыр. Ал 2014 жылдан бастап дәстүрлі түрде "Мерейлі отбасы" ұлттық байқауы өткізіліп келе жатыр. Бұл байқау адами құндылықтарды жаңғыртуға, жанұя тақырыбын бірінші орынға қоюға, ерлі зайыптылардың үлгілі моделін дәріптеуге бағытталған. Сондай-ақ, байқауға Қазақстанның барлық өңірінен 18 мыңнан аса отбасы қатысқан.

Мемлекет тарапынан атқарылып жатқан бұл шаралар өз нәтижесін беріп отыр. Оған дәлел - Қазақстандағы ажырасу статистикасының азаюы.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова