- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Ұрып-соғады". Атырауда "Шаңырақ"...
"Ұрып-соғады". Атырауда "Шаңырақ" балалар ауылына қатысты дау шықты
Атырауда "Шаңырақ" балалар ауылына қатысты дау шықты. Қоғам белсендісі Дина Таңсәрі Facebook желісінде балалар ауылы тәрбиеленушілерінің соққыға жығылып жатқанын мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Ер бала 9-16 жасынан бері соққыға жығылып жүргенін сенім телефонына хабарлаған. Келген комиссия ешқандай құқықбұзушылық дерегін таба алмады. Бұл аз болғандай, комиссия балалар үйін директордың өзі тексеруі керек екенін айтады. Бес жасар қыз да соққыға жығылған. Бірақ оның алған жарақатын ешкім суретке түсірмеген. Балалар кімге сеніп тапсырылған?" - деп жазды Дина Таңсәрі.
Осы жағдайдың анық-қанығын білу мақсатында "Шаңырақ" балалар ауылының директоры Гүлсара Ботатаеваға хабарластық. Гүлсара Ботатаеваның сөзінше, бұл - жала.
"Балалар үйінің "ана - тәрбиешісі" бұл істі 9 қаңтарда қолдан ұйымдастырған. Тәрбиеленуші бала оның нұсқауымен 150 желісіне хабарласқан. "Ана - тәрбиеші" ол уақытта жұмыста сынақ мерзімінде жүрген болатын. Ол балаларға "директорды және ұжымдағы басқа тәрбиешілерді жұмыстан шығарамыз. Есесіне сіздер еш шектеусіз бәрін жасайсыздар" деген сияқты уәделерді берген. Суреттегі қыз баланың жарақаты ұрып-соғудың нәтижесі емес. Ол өзінің 14 жастағы туған әпкесімен ойнап жүргенде, баспалдақтан құлап кеткен. Бұл оқиға қазанда болған. Басқа суреттерде балалардың бет-әлпеті көрінбейді. Олардың кім екені белгісіз. Арнайы комиссия жұмыс істеді. Әлімжеттік, ұрып-соғу туралы айыптаулар расталмады. Ал жаланы ұйымдастырған қызметкер заңға сәйкес, жұмыстан босатылды", - деді "Шаңырақ" балалар ауылының директоры Гүлсара Ботатаева.
Сенім телефонына түскен қоңырау бойынша Атырау облыстық білім басқармасы, прокуратура, Балалар құқығын қорғау комитеті өкілдерінен құрылған арнайы комиссия жұмыс істеген. Сонымен қатар, тәуелсіз психологтар балалармен сұхбаттасқан. Полиция департаменті әлі күнге дейін тексеріс жүргізіп жатыр. Бірақ айыптаулардың бірде-бірі расталмаған.
Жазбаға балалар үйінің бұрынғы тәрбиеленушілері, балалар ауылымен жұмыс істеп жүрген волонтерлар, үкіметтік емес ұйым өкілдері пікір білдірген.
"Атырау. Маленькая страна" ұйымының директоры Ерлан Күмісқалиев бұл жағдайға сенбейтінін жазыпты.
"Бұл ауылмен үнемі тығыз байланыста жұмыс істейміз. Ондай жағдайлар болса, балалар бұл туралы үнсіз қалмас еді. Өйткені "Шаңырақ" ауылындағы балалар өте саналы, дамыған және өз құқығын жақсы біледі", - деп жазыпты Ерлан Күмісқалиев.
Балалар ауылының бұрынғы тәрбиеленушісі Валентин Буров мұның бәрі жалғанын екенін айтыпты.
"7 жасымнан балалар үйінде тәрбиелендім. Ол жерде бізді тек жақсы істерге үйретті, көп нәрсе берді. Ешқашан ұрған жоқ. Гүлсара Ботатаева - өте мейірімді адам", - деп жазыпты Валентин Буров.
Айта кетейік, "Шаңырақ" балалар ауылы 2001 жылы құрылған. Мұнда 3-18 жас аралығындағы балалар мен жасөсіпірімдер тәрбиеленеді. Қазір балалар ауылында 57 бала тәрбиеленіп жатыр.
Баян Жанұзақова
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Massaget.kz