- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Қатты қорқынышты болды":...
"Қатты қорқынышты болды": Түркияға көмекке барған құтқарушы сұхбат берді
Түркиядағы алапат зілзаладан кейін қираған үйінділерге айналған тұтас қалаларға әлемнің біраз мемлекеті қол ұшын созып, гуманитарлық көмекпен қатар өз құтқарушыларын аттандырған. Қазақ елінен барған 101 құтқарушылар жасағының ішінде ақмолалық 18 азамат та аман-есен барып, елге жетті. Massaget.kz тілшісі жойқын жер сілкінісінің салдарын көзімен көріп, құлаған үйлерден адамдардың мәйіттерін қолымен көтеріп шығарған сарбаздардың бірімен әңгімелесті.
Зеренді аудандық №8 құтқарушылар бөлімінің құтқарушысы Нұрқуат Серкешұлы бауырлас елдегі жағдай талайды көрген құтқарушылардың өзіне оңайға соқпағанын жеткізді.
"2,5 миллионға жуық халық тұратын Газиантеп қаласының көп бөлігі қирандыға айналғанын көзімізбен көрдік. Бізді 7 ақпан күні ұшақпен жеткізді. Алматылық РОСО мен ақмолалық біздің құтқарушыларды Газиантеп қаласынан 18 шақырым қашықтағы кілем зауытына орналастырды. Аз-маз әлденіп, тыныққан соң бірден қажетті құрал-саймандарымызды алып сол күні-ақ іске кірісіп кеттік. Біздің жігіттерді алты-алтыдан бөліп тастады. Мен түгелдей қирап құлаған 7 қабатты үйде болдым. Бетон қабырғалар бірінің үстіне бірі қиқы-жиқы күйде құлап, үйіндіге айналған. Біз болған 7 қабат үйді аршуға бізбен қатар Түріктің құтқарушылары да жұмылдырылып, жалпы саны 30 адам жұмыс істеді. Бізге мұнда қалған 28 адамның ешбірінің тірі қалмағаны туралы хабар алдын ала айтылды. Тәуліктің 16 сағаты бойы жұмыс істеп, қирандыларды ашумен айналыстық. Тек 8 сағат қана демалуға берілді. Әрине, өте қорқынышты болды. Шейіт болған адамдардың көп туысқандары күндіз-түні сол жерде отырып ешқайда кетпей, жәудіреп қарап отырғанын көзімізбен көрдік. Олар түн болса да сол жерде от жағып күтіп отырды. Өте қатты аянышты жағдай. Болған жайтты сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес", - дейді Нұрқуат Серкешұлы.
Алғашқы күні үстіңгі қабатты аршыған құтқарушылар ешкімді таба алмаған. Екінші күннен бастап қирандылар арасынан адамдардың мәйіттері шыға бастапты. Дегенмен құтқарушылар жұмыс істеген кезде құлаған үйдің жанындағы жартылай құлаған үйдің құтқарушылардың үстіне құлап кету қаупі де туындапты.
"Біз аршып жатқан үйдің жанында тұрған үйдің жартысы қираған. Астындағы іргетасының бәрі бұзылып құлаудың аз алдында тұрды. Тіреулердің бетондары бұзылып құлағалы қисайып тұрды. Әрине, дәл желке тұсыңнан қауіп төніп тұрған кезде жұмыс істеу де аса қорқынышты. Ол үйге датчик қойылып бақыланып отырды. Құлағалы тұрған үйге барып астынан ағаштан тіреулер қойып амалдаған болдық. Біз жұмыс істеп жатқан кезде жаңағы үйдің 2,5 сантиметрге дейін қисайып кеткенін көрдік. Кейін астыңғы қабаттардан адамдардың мәйіттері күніне бір-екеуден шыға бастады. Қатты жағымсыз иіс шыққан жерлерді ептеп қазып, бетон қабырғаларды бөлшектеп кесіп алып отырдық. Адамдардың мәйіттері қатты жаншылып бас сүйектері, денелері мыжылып езіліп кеткен күйде шығып жатты. Түркияда күн жылы. Сондықтан адамдардың мәйіттері 4-5 күн өткендіктен жидіп, былжырап кеткен екен. Ішкі құрылыстары шашылып қалған. Бір қатты таңқалдырғаны мәйітті шығарған соң ешкімге көрсетпей жауып, мата яки көрпелермен жауып орап арнайы көлікпен бірден алып кетеді екен. Біз көтеріп шығарып, көлікке салып беріп отырдық. Күніне бірнеше мәйіт болғандықтан, тиісті түрде жерлеу қиынға соғып экскаватормен қазып жерлеп жатқанын көрдік" - дейді Нұрқуат.
Нұрқуаттың айтуынша, құтқарушыларды Түрік еріктілері күнделікті тамақтандырып отырған. Әрі мәйіттердің туған-туыстары полициямен қоршалып тұрса да құтқарушыларға зор алғыстарын білдіріп қалуға тырысқан.
"Бетон қабырғаларды түгелдей алып тазартып отырдық. Әрине, 16 сағат уақыт бойы тоқтамай жұмыс істедік. Дегенмен жұмыс күші, қажетті техникалар бәрі жеткілікті болды. Түркия волонтерлері ас-ауқат әкелген кезде ғана төменге түсіп, тамақтандық. Біреулердің балалары, ал бір отбасының ата-анасы қаза болып, балалары аман қалғандары да болды. Біз үйлерде жұмыс істеп жатқанда маңайы қоршалып, туған-туыстары бізге көмектесуге жіберілмеді. Өйткені, арнайы маман болмағандықтан адамдар қатты шошынып қалуы әбден мүмкін. Сонымен қатар, арнайы құралдармен жұмыс істеу техникасын білмейді. Сондықтан тек құтқарушы адамдар ғана жұмыс істеуі тиіс болды. Қоршаудың сыртында тұрса да бізге сырттай алғыстарын білдіріп жатқанын байқадық. Әрине, мұндай ауыр жағдайды ешбір елдің басына бермесе екен деп тілеймін. Көп жылдар құтқару қызметінде болсақ та мұндай аса ауыр жағдайды біз де алғаш рет көрдік. Біз елге келгеннен кейін де онда болып жатқан жағдайды күн сайын бақылап жүрмін. Кеше тағы 6,5 балдық жер сілкінісі болыпты, - дейді құтқарушы.
Қазақстандық құтқарушылар аса ірі зілзала болған Түркияда 12 күн болды.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Қ. Әбілдәқызы