Цифролог 2023 қандай жыл болатынын айтты

Цифролог 2023 қандай жыл болатынын айтты

Кейінгі уақытта "Сюцай" ғылымы дамып жатыр. Соған сай сандарды сөйлететін мамандардың көмегіне жүгінетіндер көбейіп келеді. Цифрологтардың айтуынша, адамның мінезі мен өмірін белгілі сандар бойынша анықтауға болады. Massaget.kz тілшісі "Сюцай" ғылымы туралы тараздық цифролог Зауреш Тоқназаровамен сұхбаттасты.

Маманның айтуынша, қазір елімізде "Сюцай" ғылымына арналған арнайы академия ашылыпты. Онда сандарды сөйлетудің әдісін оқып-үйренемін дегендердің бәріне есік ашық екен.

"Қоғамдағы түйткілдердің шешімін таба алмаған соң адамдар оның себебін іздей бастады. "Неге мен жетістікке жете алмаймын? Тұрмысым неге дұрыс емес?" деген сұрақтардың жауабын таппай жүр. Ал "Сюцай" ғылымы "сізге не қолайлы, қабілет-қарымыңыз неге жетеді?", соны зерттейді. Біздің бәріміздің жан қалауымыз бар. Оны білу үшін сандарға үңілуіміз керек. Әр санның өз қалауы, бағыты, энергиясы бар", - деп түсіндірді Зәуреш Тоқназарова.

Мамандар сандар бар жоғы тоғыз саннан тұратынын айтады. Тоғыз планета бар. Әр санның да өз энергиясы бар, соны білген жан ғана қоршаған ортамен үйлесімді өмір сүре бастайды екен. 9 санының қосындылары 9, 18, 27... деп әрі қарай жалғаса берді. Цифрологтар тоғыз сан жинақталғанда үйлесімділік те, жақсы энергия да болатынын айтады. Ал кейбір сандар жаман энергияны алып келеді екен. Мәселен қытайларда "13" саны жоқ. Оларда тіпті пәтер санының өзі 12-ден бірден 14-ке ауысады.

Ал қазақ ұғымында 13 киелі сан. Халқымыз "он үште отау иесі" дейді. Осылайша, 13 жасқа толған ер азаматтарға үлкен жауапкершілік артады.

"Біздің туған күніміздің сандарынан бастап барлық сан энергиямызға сәйкес келсе - онда үйлесім тапқаны. Сай келмесе, өмірде кері кетіп, кедергіге көп ұшырайды. Мен туған күніңізді айтсаңыз, жеке қасиеттеріңіз, қабілеттеріңіз туралы айтып бере аламын", - дейді цифролог.

Цифрологтар 2023 жыл туралы не дейді?

"Биыл жетінші жыл. Мұсылман баласы жеті санын кие тұтқан. Жеті санының періштелері мол. Бірақ сандық психологияға келетін болсақ, бұл -  дағдарыс жылы. Қытайлықтар "дағдарыс - мүмкіндік" дейді. Адам өз қалауын, ісін тәртіпте ұстап отыратын болса, биыл өте жемісті болады, - дейді цифролог 2023 жыл туралы.

Дегенмен сандарды сөйлетушілер көп жағдайда мәселе түпсанаңдағы ниетіңе байланысты екенін айтады. Мәселен, адам "биыл маған жемісті, дағдарыссыз өтеді" десе, дәл солай орындалады екен.

Бұл ғылымды қанша уақытта меңгеруге болады?

Цифрологтардың сөзіне сүйенсек, "Сюцай" ғылымын меңгеруге бір аптадан бастап, 2 жылға дейін уақыт керек екен. Сондай-ақ, маман көп жағдайда 40-50 жас аралығындағы адамдар жүгінетінін айтты. Ал мектеп оқушылары мамандық таңдауға байланысты сұраққа жауап іздеп келеді екен.

"Біздің қоғамда әлі күнге дейін бала үшін таңдауды ата-ана жасайды. Олар өз арманын перзенті арқылы көргісі келеді. Ал баланың арманы қандай, ол сана санымен сәйкес келмеуі мүмкін бе? Ешкім оны ойлап жатқан жоқ. Негізі сандық психологияны меңгеруді балабақшадан бастау керек", - дейді Зәуреш Тоқназарова.

Ардақ Сырымбет

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова