"Көзге шөп салудың алдын алдым". Әлеуметтік желіде коучтар халыққа не түсіндіріп жүр?

"Көзге шөп салудың алдын алдым". Әлеуметтік желіде коучтар халыққа не түсіндіріп жүр?
Фото: Tengrinews.kz/Тұрар Қазанғапов

Қазір әлеуметтік желіде түрлі тақырыпта кеңес беріп, бағыт көрсетіп жүргендер көп-ақ. Мұндай тақырыптар қатары қаржылық сауат мәселесінен жыныстық сауатқа дейін барады. Massaget.kz тілшісі Желі арқылы табыс тауып, түрлі тақырыпты түсіндіріп жүрген коучтардың сабақтарына шолу жасады.

Үй алу, кәсіп бастау. Жылжымайтын мүлік саласындағы эксперттер не үйретеді?

Қазір көп адамның басты проблемасы - баспана. Сондай-ақ, қазақстандықтардың басым бөлігі қалай кәсіп ашуға болатынын, неден бастайтынын білмей жатады. Бұл тақырыпты қозғап жүргендердің бірі - Динара Бердіәлі. Ол үй алу, көлік алу, мемлекеттік бағдарламалар бойынша бағыт береді. Тіпті ақша жинау бойынша да кеңес береді. Оның парақшасына 200 мыңнан аса оқырман тіркелген.

Оның "Өз үйім" сабағы 15 мың теңге тұрады. Мұнда қарыздан құтылу, ипотекаға дайындалу, табысты растау түрлері, несие тарихы т.б. тақырыптар қамтылған. Ал жеке консультация алу құны 15 мың теңге болады. Бұл сабақта несие тарихы мен табысты растау құжаттарына талдау жасалады, тұрғын үй кешендері туралы ақпарат, тиімді ипотеканы анықтау бойынша кеңес беріледі екен.

Ал жеке бағыт көрсету құны консультациядан кейін жүргізіледі. Ол 350-500 мың теңге аралығында жұмыс көлеміне байланысты болады. Ал "ипотекалық брокер"  мамандығын жеке оқыту 1 айға 1 миллион теңге тұрады.

Жүктіліктен сақтану. Коуч-сексологтар не үйретеді?

Әлеуметтік желіде жиі қозғалатын тақырыптың бірі - жыныстық сауат. Осы тақырыпта кеңес беріп жүргендердің бірі - Дана Русланова. Оның 85 мыңнан аса оқырманы бар. Ол өзінің жетістігі туралы "100-ден аса көзге шөп салудың алдын алуды үйренген бақытты әйел" бар екенін көрсеткен. Негізгі үйрететін тақырыптары қатарында жыныстық қатынас кезінде ауырсыну мәселесі, жүктіліктен сақтану жолдары бар.

"Әйел ретінде өшпеуді үйрен", - дейді ол парақшасында.

Мұндай офлайн курстың бір айлық құны - 100 мың теңге екен. 

Әжімге қарсы, бет күтімі. Бьюти блогерлер не үйретеді?

Қазір әлеуметтік желі арқылы кез келген тауар мен қызметтің жарнамасы өтімді болып тұр. Әсіресе, қыз-келіншектер арасында сұлулыққа қатысты тауарлар, қызмет түрлері сұранысқа ие. Осы бағыттағы блогерлердің бірі - Жанерке Сейфуллина. Оның 100 мыңға жуық оқырманы бар. Блогер парақшасында бет күтіміне қандай кремдер, жақпалар жақсы екенін, бетті қалай күту, қорғау керек екенін айтып отырады. 

"3000-нан аса қыздарға таза теріге қол жеткізуге көмектестім", - деп жазған ол Желіде. 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от БЕТ КҮТІМІ | ДАМУ | БИЗНЕС (@zhanerke.seyfullina)

"Өз құқығыңды қорға". Заңгерлер не үйретіп жүр?

Заңгерлер құқық мәселесіне қатысты тақырыптар бойынша кеңес береді. Осы саладағы маман Оразкүл Ақбердіқызы Instagram-парақшасында банк картасын бұғатталып қалғандарға бағыт беріп отырады. Сондай-ақ, банкроттық туралы заңды да түсіндіреді.

Киім таңдауға көмек. Стилист не үйретеді?

Стилистер де әлеуметтік желі арқылы қыздар қауымына сәнді, әдемі образ табуға көмектеседі. Осы саладағы маман Ұлмекен Аманғалиева әлемнің түкпір-түкпірінен 350 клиентті үйреткенін айтады. 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Ulyá / Стилист Алматы/ Fashion Killer (@ul_meken)

Оның гардеробтағы киімдерді бір сағат ішінде талдап беруі - 25 мың теңге, бірге шоппинг жасауы 70 мың теңге (офлайн) және 30 мың теңге (онлайн) тұрады. Сән саласына, дене пішініне қатысты кеңес алу құны - 30 мың теңге, стилистерге кеңес беру құны - 50 мың теңге, іс-шараға образ таңдауға көмек құны - 40 мың теңге

Пайдалы тамақ. Нутрициологтар не үйретеді?

Қазір көпшілігі тез әрі ағзаға зиян тағамдардан гөрі пайдалы тамақтарға көшкенді жөн көреді. Бұл орайда нутрициологтардың қызметі сұранысқа ие. Соның бірі - эндокринолог, нутрициолог Сымбат Пирматовна.

Ол Желідегі парақшасында бұл саладағы қызмет құны қанша болатынын көрсеткен. Оған сынама қорытындысын талдау, тамақтану режимі, азық-түлік тізімі, сынама қорытындысына қарай дәрілер мен саплементтер тағайындау жатады. Одан 1 рет кеңес алу құны 8000 теңге тұрады. Ал check-up бойынша дайын сынама тізімімен 1 рет консультация құны - 15000 теңге. Нутрициологтың толық консультациясы, 2 ай дәрігер бақылауының құны - 30 000 теңге екен.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова