- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Басын шауып, етін...
"Басын шауып, етін итке тастаған". Қазақ ертеде жер сілкінісін жануарлар арқылы қалай білген?
Ертеде қазақ халқы жер сілкінісі болатынын қалай болжаған? Бұл сұраққа белгілі этнограф маман Болат Бопайұлы жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қазақ табиғи апат болатынын ауа райы арқылы қалай білген?
Этнографтың сөзінше, байырғы, бағзы заманнан бері ата-бабалармыз алдын ала табиғи апаттардың (зілзала, топан су, өрт апаттары) боларын алдын ала білген. Негізгі дабыл себептерін күнделікті ауа райы құбылысынан, жабайы аңдар мен үй жануарларының әр алуан әрекет-қимылдарына қарап, қарапайым түрде болжаған. Алдын ала біліп, сақтанып отырған:
Біріншіден, қатты жер сілкінісі болардан бір апта не бір ай бұрын қыс айларында болса ауа райы жылынып, жаңбыр жауып, жер қызып, жел тұрып, қар еріп, су тұманы сияқты ауа райы құбылып, күн жайсыз өзгеріске ұшырайды. Жер астындағы жыландар аязға қарамай жер бетіне шығып, жер аударып басқа жаққа көшеді. Мұны қазақ "Жылан көшті" деп атаған.
"Бәлкім, бір апаттың боларын алдын ала сезіп, жайлы жаққа ін ауыстырып бара жатқан болар деп топшылайды да, жасан ырымға санап, өздері де сақтана бастайды", - дейді маман.
Одан бөлек, жабайы аңдар да жер алмастырып, мекенінен алыстап кетеді. Аю тәрізді жабайы жануарлар қысқы ұйқысынан оянып, таудан етекке түссе, құрт-құмырсқа мен тышқандар жер бетіне шығып, әрі-бері тынымсыз жортып, жорғалап, байыз таппай әрекет жасай бастайды.
"Жер сілкінер бұрын жерасты топырақтары қызып, бостықта магнит өрелі газ жүреді. Соны сезген жер астын мекен ететін жануарлар мен жәндіктердің тынысы тарылып, сыртқа шығатынын атам қазақ сонау ғылым мен техника дамымаған, жер сілкінісін тексеретін, бүгінгідей заманауи аппараттар жоқ, ежелгі заманда-ақ өте жақсы білген", - дейді Болат Бопайұлы.
Жер сілкінісі болатынын үй жануарлары қалай сезген?
Жеті қазынаның бірі - иттер тағатсыздана үріп, жылай ұлып, үй айнала жүгіріп, иесіге бір апаттың боларын алдын ала, әр түрлі әрекетімен де, ұлыған жан дауысымен де хабар беретін. Қазақ иттің жайшылықта ұлуын, иесіне өлім тіледі деп жаман ырымға баласа, ал ауыл иттері жабыла ұлыса, онда бір үлкен апаттан хабар беріп тұр деп жақсыға жорып, болатын апаттан алдын ала сақтанатын болған.
Фото: Tengri Lifestyle
Жер сілкінетінін, үлкен зілзала болатынын күн ілгері сезіп білетін үй мысығы, бір жерде тұрақтамай, үйден сыртқа қашып шығуға әрекеттенеді. Онымен тынбай, өз бетін өзі тырмалап, не үйдегі сырмақ, текеметтерді тырнағымен түтіп, болмаса үй іргесін қазып, мияулап қарадай мазасы кетіп, иесіне белгі береді.
Мысық ескі аңыздардағы деректер бойынша, басқа әлемнен жер бетін уақытша тазартуға келіп, қайтатын уақытта ұйықтап қалып, ақыры жер бетін мекендеп қалған деседі. Сондықтан оның екі көзі көктегі күннің жүруімен ілесіп, көз қарашығы жалпайып, жіңішкеріп өзгеріп отыратыны содан екен. Мысықтың көзі күні-түні бірдей көреді. Ол адам баласы көре алмайтын тылсымдарды көреді, естімейтін дыбыстарды естиді. Адам сезбейтін бейнелерді сезеді. Былайша айтқанда, қазіргі замандағы ең озық жер сілкінісін бақылай алатын аппарат деуге болады.
Зілзала болатынын төрт түлік мал да сезеді
Жер сілкінерден бұрын оны төрт түлік мал да алдын ала сезеді де, олар да тосын қылықтар танытады. Мысалы: кешке қарай төбесі жабық қораға кірмей, далаға қашады. Түнде бауырын жерге басып жатпай тік тұрып алады. Күйіс қайтаратын малдар күйіс қайтармай қояды.
Жылқы кісінеп, айғырлар азынап, түйе боздап, сиыр мөңіреп, қой, ешкі маңырап, қозы-лақ шулап, жалпы төрт түлік малдан ерекше маза кетеді. Мазасының кететіні соншалық, байлаулы жылқы шылбыр, шідерін үзуге талпынып тулайды. Түйелер бұйдасын, сиырлар жібін үзуге ұмтылып, сыртқа шығуға тырысады. Бұл дегеніміз мақұлық жануарларға берілген Алла тағаланың табиғи түйсігі болса, бір жағынан оны бағып өсіріп, тұрмысына тұтынып отырған адамдарға берілген, апаттан сақтану дабылы, ескертуі деп білген дұрыс.
Фото: Тұрар Қазанғапов
Үй құстары жер сілкінісі болатынын алдын ала сезетін
Үй құстарының яғни үйрек, қаз, тауықтардың улап-шулап, қанаттарын қомдап күнделікті ұясына қонақтамай далаға қашатыны, беймезгіл уақытта қораздардың шақырып, жан-жағына жағымсыз хабар тарататыны да, зілзаланың келе жатқанының анық хабары деп қабылдаған бабалар.
Қазақ түн ортасында шақырған қораздың басын шауып, етін итке тастайтын. Себебі үй иесіне жамандық тілеп тұр деп жаман ырымға балайтын. Ал, ауыл тауықтары тұтаса шулап-шұрқыраса, онда бір апаттан хабар беріп тұр деп қабылдаған.
Жабайы қарға, торғай, сауысқан, ұзақ сияқты дала құстары жазық даланы бетке алып, тақыр жерлерге қонақтап, улап-шулап, шиқылдап бір ұшып, бір қонып, әуеге көтеріліп, үй төбесінен қайта-қайта айналып, аспаннан саңғырығын тастаса, онда олар зілзала боларын анық біліп, адам пенделеріне хабар беріп жатыр деп, дереу сақтық шараларын жасау қамына кіріседі.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина