- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Петропавл мектебіндегі шабуыл:...
Петропавл мектебіндегі шабуыл: СҚО әкімі ауруханадағы балалардың жағдайын білді
Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Айдарбек Сапаров Петропавл мектебіндегі шабуылдан кейін ауруханаға түскен балалардың жағдайын білді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Бүгінгі оқиғадан кейін ауруханаға түскен балалардың хал-жағдайын білдім. Балалармен тілдесіп, тезірек сауығып кетуін тіледім. Зардап шеккендерге қажетті көмек көрсетілді, қазір олардың жағдайы тұрақты. Балалар дәрігерлердің бақылауында", - деп жазды Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Айдарбек Сапаров Facebook желісіндегі парақшасында.
Еске салайық, бұған дейін Петропавлда 9-сынып оқушысы мектепке балта мен пышақ әкеліп, үш баланы жарақаттағанын хабарлаған едік.
Оқиға таңертең №4 мектепте болған. Қала әкімдігінің мәліметінше, екі бала балалар ауруханасында жатыр. Үшінші балаға оқиға орнында медициналық көмек берілген.
Оқу-ағарту министрлігі еліміздің барлық мектебінде қауіпсіздікті тексеру жұмысы жүргізілетінін мәлімдеді.
Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Айдарбек Сапаров оқыс оқиғаға қатысты арнайы комиссия жұмысын бастағанын және жан-жақты тексеру жүргізіп жатқанын, оның қорытындысы бойынша тиісті шаралар қабылданатынын хабарлады.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
М. Лұқпан