"Челябинскіден келдік". Желіде қазақ әндерін аспаптарда орындайтын жігіттер танымал болды

"Челябинскіден келдік". Желіде қазақ әндерін аспаптарда орындайтын жігіттер танымал болды
Фото: Instagram

Желіде түрлі аспапта шебер ойнайтын музыканттардың видеосы танымал болды. Олар Қайрат Нұртас, Димаш Құдайберген секілді танымал әншілердің, Ninety one тобының әндерін қоғамдық орындарда, көшелерде орындайды. Осылайша, халықтың реакциясын түсіріп, әлеуметтік желілерге жариялайды. Massaget.kz тілшісі өнер иелерімен сұхбаттасып, қайдан келгенін, домбыраны қалай үйренгенін сұрады.

Иван Жуков домбыра мен гитара аспаптарын меңгерген. Ал Семён Хасен скрипкада ойнайды.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от ДУЭТ «MAY» (@may.duet)

Желі қолданушылары да олардың ерекше видеоларына жағымды пікірлер жазған.

"Керемет, жігіттер, Қайрат Нұртастың тамаша әні", "Жігіттер жарайсыңдар", "Құдайым-ау, қалай әдемі естіледі", "Сөз жоқ талантты", - дейді пікір білдіргендер.

Өнерлі жігіттер Челябинскіден Қазақстанға жазда келген.

"Челябинскіден тамыздың басында әпкемізге қонаққа келдік. Бірақ музыкант болғандықтан, аспаптармен (скрипка, гитара) бірге алып жүріп саяхаттаймыз, сонымен қатар, әлеуметтік желілерге арналған видеолар түсіреміз", - дейді олар.

Кейін олар көшеде өнер көрсетуді ұйғарған.

"Біраз уақыттан кейін көшеде аспаптарды ойнап, халықтың шығармашылығымызға деген реакциясын көруді ұйғардық. Осыдан кейін іс-шараларға қатысу туралы ұсыныстар түсіп, сұхбаттарға шақырды. Сондықтан осында қалуды шештік, бізде мұндай мүмкіндік пен сұраныс көп болған жоқ", - дейді олар.

Олардың айтуынша, алғашында 1-2 аптаға ғана келген. Ал Иван Қазақстанға келген соң ұлттық аспаптың бірі домбыраны үйреніп алған. Тіпті "Адай" күйін де орындап, видеосын жариялаған.

Желі қолданушылары да оның бұл қабілетіне таңданысын жасырмаған.

"Мына екі сара бала қайдан домбыраны үйреніп алған? Қазақтар үйренбей жүргенде", "Біздің мәдениетімізге сыйластық көрсеткендеріңе рақмет!", "Дарынды балалар, керемет", - деп жазған пікір білдіргендер.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от ДУЭТ «MAY» (@may.duet)

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от ДУЭТ «MAY» (@may.duet)

Жігіттер қазақ тілін де үйреніп жүргендерін айтты. Ал домбыраны Қазақстанға келіп үйренген. Сондай-ақ, олар тойға шығып жүргендерін де жеткізді.

"Қазақ тілін үйреніп жатырмыз, алдағы жоспарымыз бойынша оны мұқият үйренеміз. Қазақстанға келіп, домбыра үйренуге деген қызығушылық пайда болды, шеберлігімізді жетілдіруді жоспарлап отырмыз", - дейді ол.

Иван Жуков пен Семён Хасен - музыка саласының кәсіби мамандары.

"Скрипка мен гитарада кәсіби түрде ойнаймыз, институтты скрипка мен гитара сыныбы бойынша бітірдік. Музыка саласы бойынша жоғары біліміміз бар", - дейді олар.

Олар видео түсіріп, Желіге жариялау идеясы қайдан келгенін айтып берді.

"Адамдарға не қызық болатынын ойладық, сонымен қатар, адамдардан біздің орындауымызда не тыңдағысы келетінін білдік. Кейін жоспарымызды жүзеге асыра бастадық және бәрі ойдағыдай болды. Әлеуметтік желілер белсенді дамып келеді және біз әндерін орындап жүрген Қазақстан жұлдыздары бізді Желіде жиі белгілейді", - дейді өнер иелері.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова