"Құдай мені жақсы көреді". Көшеде қайыр сұраған атаның түрі адам танымастай өзгерді

"Құдай мені жақсы көреді". Көшеде қайыр сұраған атаның түрі адам танымастай өзгерді
Фото: Видеодан алынған кадр

Желіде көшеде қайыр сұрап отырған атаның түр келбеті адам танымастай өзгерген видео тарады. Видеоның авторы - сырт келбетін өзгертуге қаражаты жетпейтін адамдарға көмек көрсетіп жүрген блогер Жәмилә Серікқызы, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Блогер, сұлулық салонының иесі Жәмилә Серікқызы Instagram-парақшасында жобасындағы жаңа кейіпкерін таныстырды. Ол - көшеде қайыр сұрап отырған Владимир Владимирович. Блогердің айтуынша, ер адам отбасынан айырылғанына көп болған, ал балалары Германияға  көшіп кеткен. Кейін күзетші болып жұмыс істеген, бірақ аяғы ауырған соң, жұмысынан шығып қалған. Қазір ер адам итімен жалғыз тұрады.

"Үйден жұмысқа шыққанда осы ағаны күнде көремін! Қалтамда ақша болғанда садақа беріп тұрамын. Сосын "неге осы ағаны жобама алмасқа?" деген ой келді. Не дегенмен ер адам өз эмоциясын қатты көрсете алмайды ғой. Бірақ аяғында құшақтап, көзі жасқа толып, рақметін айтты. "Демек, Құдай мені жақсы көреді" деп күлді", - деп жазған блогер.

Блогер ер адамға киім, аяқкиім алып берген, кейін тіс емханасына апарып, тісін емдеткен. Сұлулық салонының иесі моншаға апарып, тамағын әперген. Кейін өз салонына келіп, ер адамның шашын алып, сақалын ретке келтірген. Оған қоса, ер адамға үй гүлін сыйға тартқан. 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Темирзакова Жамилия (@jemelle_beauty)

Бұдан басқа ол оқырмандарынан жиналған қаржыдан 10 мың теңге сыйлаған. 

Желі қолданушылары кейіпкердің адам танымастай өзгергеніне таңғалып, пікір қалдырған. 

"Адам өзіне қарап жүрсе, сондай сымбатты болады екен ғой. Көмектескен барлық жанға рақмет", "Қандай керемет! Өзіңнен кейінгі ұрпаққа тәрбиелік мәні бар іс істеп жатқаныңа рақмет", "Қандай күшті! Адам көркі шүберек демей ме? Жасаған жақсылығың еселеп қайтсын", "Атаның балалары қасында болғанда ғой", "Қандай күшті өзгеріс", - деп жазған пікір қалдырғандар. 

Еске салайық, бұған дейін кәсіпкердің көше сыпырушысын адам танымастай өзгерткен видеосын бөлісіп едік. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек