"Сынап көру үшін өзіміз ішінде ұйықтадық". Нұрбек Бекбау Түркияға жеткізілген киіз үйлер туралы айтты

"Сынап көру үшін өзіміз ішінде ұйықтадық". Нұрбек Бекбау Түркияға жеткізілген киіз үйлер туралы айтты
Фото: instagram.com/nurbek_bekbau/

Белгілі журналист Нұрбек Бекбау Түркиядағы жер сілкінісінен зардап шеккендерге киіз үй жіберуді ұсынған болатын. Бұл іске өзі бастамашы болып, бүгінде Түркияға жүзден аса киіз үй жіберілген. Мassaget.kz порталының тілшісі Нұрбек Бекбаумен тілдесті.

Нұрбек Бекбау не үшін темір сүйекті киіз таңдап алғанын айтып берді.

"Жалпы саны 90-ға жуық киіз үй тігіледі. Оның ішіндегі 23-і 12-16 қанат салтанатты ағаш үй. Барлығында қажетті кілем т.б нәрселері бар. Қалғаны темірден сүйекті үйлер. Темірге бекер таңдауымыз түскен жоқ. Біріншіден, арзан. Екіншіден, құралуы тез, 15 минутта 3-4 адам құрайды, байлап отырмайсың. Үшіншіден, Арменияға киіз үй жібергенде, ол жақтағы қазақы үйдің не екенін білмеген жұрт киізін, уығын өртеген. Бұл көңілге де, жүрекке де ауыр тиеді екен. Ал темірмен ондай нәрсе жасай алмайсың. Осындай себептеріне байланысты киіз үйдің темір сүйектісін таңдадық", - дейді журналист.

Нұрбек Бекбаудың айтуынша, Түркияға киіз үймен бірге жылыту пештері де келе жатыр.   

"Біз кеше келіп жеттік. Сынап көру үшін өзіміз ішінде ұйықтадық. Әрине, суықтау. Бірақ біздің жүкпен бірге арнайы жылыту құрылғылары келе жатыр. Сырымбек Тау бастаған жігіттердің «Даму» қоры бар. Солар 61 дана жылыту құрылғысын беріп жіберді. Солар арқылы үйді жылытамыз. Түріктердің өздері де жазып жатыр: «Палаткалар суық, жылынбайды» деп. Соның кесірінен адамдар ауырып қалып жатыр екен. Киіз үй тігуге елімізден 12 адам келді. Бәрі шетінен таңдап алынды. Тимур Сыпатаев сияқты бұрын әскери салада қызмет еткен адамдар, соның ішінде өзін өмір бойы киіз үй тігуге арнаған атамыз бар. Қысқаша айтқанда, сайдың тасындай іріктелген адамдар келді", - дейді ол.

Айта кетейік, Нұрбек Бекбау facebook парақшасында Түркиядағы зардап шеккендерге киіз үй жіберуді ұсынған еді. Оның бұл бастамасын көптеген адам, оның ішінде танымал адамдар қолдады.

Көмекті ұйымдастырушы Нұрбек Бекбау қазақстандықтардың 20 млн теңгеден астам қаражат жинағанын айтты. 17 млн 300 мың теңгеге 45 киіз үй алынған. Кейін тағы 2 млн 700 мың теңгеге тұрмыстық заттар (ошақ, қазан, ыдыс-аяқ) алынған.

Одан бөлек, отандық кәсіпкерлер 50 киіз үй сатып алып, әуежайдың қоймасына жеткізген.

Т. Раушанұлы