Бұралқы иттер қаптады: Көкшетауда тұрғындар арасында дау шықты

Бұралқы иттер қаптады: Көкшетауда тұрғындар арасында дау шықты

"Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы" заң шыққалы бері тұтас қоғамның пікірі екіге жарылды. Бірі "көшедегі бұралқы иттердің көзін құрту керек" десе, жануарлар жанашырлары иттерді қорғап отыр. Заң шыққалы бері иттерді атуға үзілді-кесілді тыйым салынып, елдің әр аймағында бұралқы ит көбейгені шындық. Мәселе талай мінберде көтерілгенімен, әзірге ешқандай өзгеріс те, нәтиже де жоқ. Осының салдарынан Көкшетауда тұрғындар арасында дау шыққан, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Жануарларға қатысты заң шыққанымен, оның тиісті талаптарына дайындық болмауы мәселені одан әрі ушықтыра түскен. Өйткені күні бүгінге дейін Көкшетауда бұралқы иттерді бағып-қағатын бірде-бір панажай жоқ. Ал бір жыл ішінде облыста 1696 адамды ит қауып, дәрігерлердің көмегіне жүгінген. Оның ішінде ең көбі, яғни 478 адам Көкшетауда жапа шеккен. Облыста қаңғыбас иттерді аулап, тиісті шараларды жүзеге асыруға бюджет қоржынынан 96 миллион теңге бөлінген. Бұл қаражатпен облыстағы 5500 бұралқы итті аулау қарастырылған.

Облыстағы бұралқы иттерді аулаумен "ҚАЗШОСҚҰРЫЛЫС" ЖШС компаниясы айналысады. Бұл қаражатқа компания қаңғыбас иттерді ұстау, стерильдеу, чиптеу, идентификациялау сияқты шаралар ұйымдастыруы керек.

Кеше Көкшетаудың Юбилейный және Боровской шағынаудандарында ит ату оқиғалары тіркелген. Жануарларды қорғаушылар заң бола тұра иттер атылғанын айтып дабыл қақты.

"Қараусыз иттерді атып жатыр. Заң болғанымен ешкімнің ісі жоқ. Жануарларды қорғау заңы қайда? Бұл не деген сұмдық?" - дейді жануарлар жанашырларының бірі Анатолий Куценко.

Әлеуметтік желілерде қос тараптың арасында дау күшейген. Өйткені екінші тарап бұралқы иттерден балалар да жапа шегетінін алға тартады.

"Бұрындары балалардың көзінше де иттерді атып жататын. Адамдар да ақылға келіп, иттерін атып кетпес үшін байлай бастайтын. Оқушылар да мектепке еш қорқынышсыз барып, қайта алатын. Қазіргі заңға сәйкес иттерді аулап, стерильдеп қайта қоя беруден мәселе шешілмейді. Оның қайта адамға шауып, қауып алмасына кім кепіл? Жануарлар жанашырлары балалардың өмірімен қайырымдылықпен айналысып қажеті жоғын айтқым келеді", - дейді қала тұрғыны Сәния Омарова.

Бұл мәселе бойынша Ақмола облыстық Ветеринария басқармасы өкілімен де тілдестік. Басқарма басшылығы болған жайды естігенін, бірақ иттерді аулаумен айналысатын компанияның бұл оқиғаға қатысы жоқ екенін мәлімдеді.

"Иә, мәселе өте өткір. Бұралқы иттер қала көшелерінде қаптап кетті. Жануарларды қорғайтын жанашырлар да шулап жатыр. Бірақ бұл иттерді аулайтын "ҚАЗШОСҚҰРЫЛЫС" ЖШС емес. Иттерді кім атқаны белгісіз. Оны тиісті құқық қорғау органдары анықтауы керек. Ал атылған иттердің өлекселерін қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі тазартуға тиіс", - дейді Ақмола облысы ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Ибрагим Балтабай.

Облыстық Полиция департаменті өкілі иттерді кім атқаны іздестіріліп жатқанын айтты. 

Абзал Алпысбайұлы

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова