- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Түркиядағы жер сілкінісі...
Түркиядағы жер сілкінісі кезінде жоғалып кеткен қазақстандық табылды
Түркиядағы жер сілкінісінен кейін жоғалып кеткен Қазақстан азаматы Сәбина Мамадиярова табылды. Бұл туралы оның танысы Алмат Құрмашев жазды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Сабина тірі! Тек қол сынған. Оны ауруханаға апара жатыр", - деп жазды ол өзінің Telegram-каналында.
Алмат Құрмашевтің сөзінше, құтқарушылар үйінділер арасында қарқынды жұмыс істеп жатыр.
"Егер Сабина табылса, қалғандары да жақын маңда болуы керек. Ақпарат түскен бойда мен сіздерге бірден бөлісемін. Біз жолдамыз. Кей жерде байланыс жоғалып кетіп жатыр. Мүмкіндігінше жазып отырамын", - деп жазды ол.
Ақпаратты Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадиров та растады.
"Әзірше тек Сәбина Мамадиярованы тапты. Жұмыс жалғасып жатыр. Қалғандарын да табады деп үміттенеміз", - деді Айбек Смадияров Massaget.kz тілшісіне.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстандағы Түркия елшісі Уфук Екиджи жер сілкінісі кезінде төрт қазақстандық жоғалып кеткенін айтқан еді. Оның үшеуі Хатайда, біреуі Аданада болған.
Ал кеше, 7 ақпанда Astana Hub технопаркінің халықаралық агенті Мирус Құрмашев Түркиядағы жер сілкінісінен кейін туыстарымен байланысқа шықпай жатқаны хабарланған болатын. Ол жер сілкінісі кезінде Хатай қаласында болған.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
М. Лұқпан