Депозит бойынша 10 пайыз өтемақыны кімдер ала алады?

Депозит бойынша 10 пайыз өтемақыны кімдер ала алады?
Фото: Тұрар Қазанғапов

Жеке тұлғаларға Отбасы банкінде ашылған депозиттері бойынша республикалық бюджеттен 10 пайыз өтемақы қарастырылған. Massaget.kz тілшісі өтемақы кімге, қалай және қашан берілетінін анықтады. 

Өтемақы бұл - 2022 жылғы 23 ақпаннан қолданыста болған депозит бойынша салымшыға төленетін қаражат. Ескертейік, депозит биылғы 23 ақпанға дейін сақталуы керек.

  • Өтемақы 20 миллион теңгеге дейін салымның/салымдардың жалпы сомасына төленеді;
  • 10 пайыз көлеміндегі өтемақы жеке тұлғаның барлық салымына бір рет аударылады;
  • Өтемақы 2023 жылғы 1 қаңтардан кешіктірмей, төлем алу туралы келісімшарт құруға өтінішін беру түрінде растаған салымшыларға ғана төленеді.

Өтініштер онлайн және банк кеңесшілерінің көмегімен жолданады.

Өтінішті 2022 жылғы 1 қазаннан бастап 2023 жылғы 10 ақпанға дейін Баспана маркет - www.otbasybank.kz жеке кабинет арқылы немесе банк кеңесшілеріне хабарлаcып жолдауға болады.

  • Кәмелетке толмаған салымшылардың өтінішті Банк кеңесшілері арқылы береді.
  • Балалар үйінің тәрбиеленуші салымшылардың депозиттері бойынша өтініштерді олардың заңды өкілі банк кеңесшілері арқылы бере алады.
  • 14 жасқа толған банк салымшылары өтемақы алуға өз бетінше, бірақ ата-анасының немесе заңды өкілдерінің қатысуымен өтініш береді.

ӨТЕМАҚЫ АЛУ ҮШІН НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?

  • 2023 жылғы 10 ақпанға дейін депозит бойынша өтемақының төленуіне өтініш беру қажет;
  • 2022 жылғы 24 ақпаннан бастап 2023 жылғы 23 ақпанға дейін салымды жаппау, депозитті сатпау қажет;

Депозиттен қаражатты ішінара шешіп алуға болады, бірақ өтемақы берілетін кезең бойынша сақталған қаражат қалдығы бойынша есептеледі. Оның үстіне, осы уақыт аралығында салымға қосымша толықтырылған қаражат есепке алынбайды. 

ӨТЕМАҚЫ МЫНА ДЕПОЗИТТЕР БОЙЫНША ТӨЛЕНЕДІ:

  • міндеттемесіз депозиттер бойынша;
  • аралық және алдын ала займдар бойынша қамтамасыз ету ретінде берілген депозиттер, оның ішінде тұрғын үй заемдары берілген үшінші тұлғалардың міндеттемелері бойынша;
  • тегін табысталған депозиттер бойынша.
  • салымды бөлу нәтижесінде қалыптасқан салымдар бойынша;
  • біріктірілген депозиттер бойынша

Өтемақы салымшының депозитіне аударылады. 

ӨТЕМАҚЫ ҚАНДАЙ ДЕПОЗИТ БОЙЫНША ТӨЛЕНБЕЙДІ:

  • депозит 2022 жылғы 24 ақпаны мен 2023 жылғы 23 ақпан аралығында жабылса;
  • депозит кепіл ретінде болған несие бұл аралықта салым тоқтап, толық өтелсе;
  • бұл аралықта депозит бойынша тұрғын үй қарызы біреуге көшірілсе;
  • онлайн табыстау арқылы сатылған немесе сатып алынған депозиттер бойынша.

Салымшының жалпы қалдығы 20 миллион теңгеден асатын екі және одан да көп депозиті болса, өтемақы салымдар сомасына пропорционал, бірақ белгіленген өтемақы сомасынан аспайтын депозиттерге есептеледі.

Мысалы:

Салымшының 2 депозиті бар: №1 депозит - 6 миллион және №2 депозит - 15 миллион теңге. Екі салымның жалпы сомасы 21 млн теңге, сома 20 миллион теңге шегінде ғана өтеледі.

Жалпы көлемі 20 млн теңгеден асатын депозиттер бойынша, әрбір салымға түсетін қаражат көлемін есептеу үшін, салым бойынша тиіс өтемақының үлесі есептеледі:

№1 депозит бойынша: 6 миллион * 100 пайыз / 21 млн = 28,57 пайыз. 
№1 депозит бойынша: 15 миллион * 100 пайыз * 21 млн = 71,43 пайыз.

Аударылатын өтемақы сомасы:

№1 депозит бойынша - 20 миллион * 28,57 пайыз * 10 пайыз = 571 400 теңге.
№2 депозит бойынша - 20 миллион * 71,43 пайыз * 10 пайыз = 1 428 000 теңге.

Барлығы: аударылған не екі депозит бойынша өтемақы сомасы = 2 миллион теңге.

ӨТЕМАҚЫНЫ ЕСЕПТЕУ:

№1 мысал

Депозит сомасы 2022 жылғы 23 ақпан аяғында 600 000 теңгеге тең болды. Бір жыл ішінде депозитіңізді екіге бөліп, біреуін жауып тастадыңыз. Депозитте сақталған қаражаттың қалдығы бойынша минимал сома - 300 000 теңге. Өтемақы 2022 жылғы 24 ақпаннан 2023 жылғы 23 ақпанға дейінгі аралықта ең төмен депозит сомасына есептеледі. Яғни, 300 000 теңгеге 10 пайыз көлемінде өтемақы аударылады, бұл - 30 000 теңге.

№2 мысал

2022 жылғы 23 ақпанда депозитіңіздің сомасы 600 000 теңге болды. Бір жыл ішінде салымыңыздағы қаражатты шешпей, толықтырып отырдыңыз. 2023 жылғы 24 ақпанда депозитіңіздегі сома 1 миллион теңгеге жетті. Бұл жағдайда депозиттегі 600 000 теңгеге 10 пайыз көлемінде өтемақы төленеді, ол 60 000 теңгеге тең келеді.

№3 мысал

Сізде жалпы сомасы 24 миллион теңге болатын бірнеше депозит бар. Өтемақы депозиттердің жалпы сомасы 20 миллион теңгеге есептеледі. Яғни, 4 миллион теңгеге өтемақы төленбейді. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек