- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Жақыныңыз қайтыс болса,...
Жақыныңыз қайтыс болса, жерлеуге арналған біржолғы төлемді қалай алуға болады?
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры бар адам қайтыс болған жағдайда жерлеу рәсіміне біржолғы төлем берілетінін білесіз бе? Massaget.kz тілшісі берілетін біржолғы төлем туралы түсіндіреді.
Жерлеуге қанша қаражат беріледі?
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында зейнетақы жинақтары бар адам қайтыс болған жағдайда, оның отбасына не жерлеуді ұйымдастырған адамға БЖЗҚ республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы бөледі. Ол жыл сайын белгіленген айлық есептік көрсеткіштің (АЕК) 52,4 еселенген мөлшері шегінде беріледі. Бірақ жеке зейнетақы шотындағы қаражаттан асырмай жерлеуге арналған біржолғы төлем жасалады.
Егер жерлеуге арналған біржолғы төлем берілгеннен кейін алушының жеке зейнетақы шотындағы зейнетақы жинақтарының қалдығы тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген ең төмен зейнетақы мөлшерінен аспайтын сома болған жағдайда, бұл қалдық жерлеуге арналған төлем ретінде төленеді.
Зейнетақы жинағы бар адам қайтыс болған жағдайда БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін кімдер ала алады?
- Зейнетақы жинақтары бар қайтыс болған адамның отбасы мүшелері немесе жерлеуді ұйымдастырған адам.
- Зейнетақы жинақтары бар қайтыс болған адамның отбасы мүшесі: 14 жасқа дейінгі кәмелетке толмаған бала.
- Зейнетақы жинақтары бар қайтыс болған адамның отбасы мүшесі: 14 жастан 18 жасқа дейінгі кәмелетке толмаған бала (заңды өкілдің келісімімен).
Қандай құжаттар өткізу қажет?
Егер біржолғы төлемді отбасы мүшесі не жерлеуді ұйымдастырған адам алатын болса, ең алдымен, зейнетақы жинақтары бар қайтыс болған адамның немесе жерлеуді ұйымдастырған адамның отбасы мүшесінің жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі қажет. Салыстырып тексеру үшін түпнұсқасын да ұсыну керек.
Екіншіден, зейнетақы жинақтары бар адамның қайтыс болғаны туралы куәліктің көшірмесі мен түпнұсқасы.
Үшінші маңызды құжат - өтініш беруші мен БЖЗҚ-да зейнетақы жинақтары бар қайтыс болған адамның туыстық қатынасын растайтын құжат көшірмесі мен түпнұсқасы қажет.
Ал ең соңғы құжат - қайтыс болған адамның банктік шоты туралы мәліметтер.
14 жасқа дейінгі кәмелетке толмаған баласы алса:
- кәмелетке толмаған баланың туу туралы куәлігінің көшірмесі мен түпнұсқасы;
- кәмелетке толмаған тұлғаның туу туралы куәлігінде ЖСН болмаса ЖСН тіркеу туралы куәліктің көшірмесі не Қазақстан Республикасының азаматы паспортының көшірмесі мен түпнұсқасы қажет;
- зейнетақы жинақтары бар адамның қайтыс болғаны туралы куәліктің көшірмесі және салыстыру үшін түпнұсқасы;
- өтініш беруші мен БЖЗҚ-да зейнетақы жинақтары бар қайтыс болған адамның туыстық қатынасын растайтын құжат;
- заңды өкілдің жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі мен түпнұсқасы;
- біржолғы төлемді алатын баланың ата-анасы болмаған жағдайда қорғаншылық тағайындалғанын растайтын құжат;
- сонымен қатар, кәмелетке толмаған баланың банк шоты туралы мәліметтер қажет.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина