- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Тоқаевқа көрмеде 20...
Тоқаевқа көрмеде 20 мыңға құмыра сатқан қолөнерші өзі туралы айтып берді
Кеше, 3 ақпанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Тараздағы қолөнершілер көрмесін аралаған болатын. Президент жергілікті шеберлердің жасаған бұйымдарымен танысты. Оның ішінде, саз шеберінен 20 мың теңгеге құмыра сатып алған болатын. Massaget.kz тілшісі Тоқаевқа күтпеген жерден құмыра сатқан саз шеберімен сөйлесті.
Президентке құмыра сатқан саз шебері - тараздық Индира Губашева. Оның шығармашылықтың бұл түрімен айналысып жүргеніне көп болған.
"Мен полимерлі балшықпен жұмыс істегенді ұнатамын, түрлі балшық түрімен ұзақ уақыттан бері жұмыс істеп келе жатырмын. Студент кезімізде де жақсы көретінбіз. Полимерлі балшықпен 2016 жылдан бері жұмыс істей бастадым. Қазіргі уақытта қыш балшықты былтырдан бері зерттеп, айналысып келе жатырмын", - дейді Индира Губашева.
Шебердің өзі Тараз қаласындағы Назарбаев интеллектуалдық мектебінде қосымша білім беру педагогы жұмыс істейді екен. Яғни керамика бойынша үйірмеден сабақ береді.
"Сонымен қатар, теріден әртүрлі картина жасауды үйретемін. Одан бөлек, түрлі тостаған, ыдыс-аяқ жасап, түрлі көрмеге қатысамыз. Құмыра жасауды курстарға қатысып үйрендім. Тараз қаласында "Лашын Арт" деп аталатын студияда үйрендім. Ұстазым - Гүлжан. Сол кісіден білім алып, сертификат алдым", - деді Индира.
Бірақ Индира тек курстар оқып қоймай, сонымен қатар, жеке өзі де үйде үйренбек болған. Қажет қаражатты жинап, құмыра жасауға қажет құрылғыны сатып алған.
"Маған қатты ұнап қалды. Процестің өзі біраз еңбекті талап етеді, қызық және шын мәнінде адам құмыра терапиясынан өтетіндей. Эмоционалдық тұрғыда өте жағымды процесс. Күн сайын балшықтан 5-6 зат жасайтынмын. Біртіндеп тәжірибе жинап келе жатырмын. Әрине, өзімді қажет деңгейде мықты маманмын деп айта алмаймын. Сондықтан әлі де үйреніп келе жатырмын. Өзіме қызық. Осылайша түрлі көрмеге қатыса бастаған кезде мені Жамбыл облысының шеберлері байқап қалған. Бүгінде Жамбыл облысы қолөнершілер одағы мүшесімін. Біздің төрағамыз Серік Бейсенов кеше өткен көрмеге қатысуды ұсынған болатын. Бастапқыда менен тәжірибесі көбірек шеберлер қатысуын ұсындым. Бірақ дауыс беру жолымен бес адам таңдалды. Оның ішінде мен де болдым. Бұл көрмеге қатысқаныма қатты қуаныштымын. Себебі бұл өнеріңді көрсетуге керемет мүмкіндік болды", - дейді шебер.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Индира Губашева көрмеге қатысып, Президентпен кездескеніне қатты қуанышты екенін айтады.
"Әрине күтпеген жағдай болды. Қатты қуандым. Ал Президент сатып алған құмыраның ақшасын қалай және қашан жұмсайтыным туралы айта алмаймын", - деді Индира.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина