Өзі шаштараз, өзі аспаз, өзі бағбан. Қаладағы банк қызметкері қалай ауылда бизнесвуменге айналды?

Өзі шаштараз, өзі аспаз, өзі бағбан. Қаладағы банк қызметкері қалай ауылда бизнесвуменге айналды?

Абай облысы Жарма ауданы Үшбиік ауылының тұрғыны Әлия Орынбасарова шеберлігімен жерлестері арасында құрметке ие. Ауылдастарының айтуынша, әрдайым айналасын қуанышқа бөлеп жүретін еңбекқор жанның қолынан келмейтіні жоқ. Massaget.kz тілшісі кәсіпкер келіншекпен әңгімелесті.

Халқымыз қолындағысын ұқсатып, отбасының берекесін арттырып отыратын елгезек адамдарды "жоқтан бар жасайды" деп бекер айтпаса керек. Әлияның негізгі мамандығы - банк қызметкері, Алматыда осы салада бірнеше жыл еңбек еткен тәжірибелі қаржы маманы. Алайда ол туып-өскен ауылына келін болып түскен соң мамандығынан алыстап кеткен. Қазір отбасының тірлігін ұршықша үйіріп отыр.

Әлия мен оның жолдасы Фархат Нұрғалиұлының жеке шаруашылығы бар. Отбасында үш бала өсіріп отыр. Ауылдастары бесаспап келіннің құрт-майына, тәтті тортына жарыса тапсырыс береді. Бос уақытында шаш қиятын да өнері бар. Күн шыққаннан кеш батқанша бел жазбайтын Әлияның еңбекқорлығы, елгезектігі жас келіндерге үлгі боларлықтай.

Жаз мезгілінде бау-бақша егіп, сиыр сауып, тіршілігінің сәнін келтірсе, қыста ауылдық әкімшіліктің қолдауымен берілген шағын орында ауылдастарына шаштараз қызметін көрсетеді.

"Мен қандай да бір мемлекеттік бағдарламамен берілетін қаржыға немесе несиеге тәуелді болғым келмеді. Ауылда жан бағамын деген адамға жұмыс көп деп ойлаймын. Бала күтіміне байланысты демалысқа шыққан соң торт пісіруді үйрендім. Ауылдастардан түсетін тапсырысты уақытында орындап, жеткізіп беріп жүрдім. Нәтижесі олардың көңілінен шықты деп ойлаймын, көбі тортымды ұнатып, ризашылығын білдіріп жатады. Кейінгі бір-екі жылда Аягөз қаласында шаштараз мамандығына оқытатын курстан өтіп, шаш қиюды меңгердім. Үйде қол қусырып қарап отырмайын деген оймен ата-енемнің, жолдасымның қолдауымен ауылдың тіршілігіне қажет дегеннің бәрін меңгердім. Барлық қыз-келіншектің қолынан келетін, үйреншікті істер ғой", - дейді Әлия.

Жаз бойы 10 сиырын сауып, құрт, ірімшік, май, сүзбе жасап сатады, сұраныс бар. Бау-бақшасын өсіріп, отбасының қысқы азығын дайындап алады. Әлияның бағбандығы да ауылдастарына белгілі. Әдемілікті сүйетін ол жаз мезгілінде ауласын түрлі түсті гүлдермен көмкеріп қояды. Былтыр жолдасы екеуінің тынымсыз еңбегінен түскен табысына ауылдан баспана да сатып алыпты.

Кәусар Арықханқызы

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Massaget.kz