- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Түркістан облысында 154...
Түркістан облысында 154 адам эвакуацияланып, туыстарының үйіне жайғасты
Түркістан облысында құтқарушылар су басқан аула аумағынан 154 адам және 200 бас ұсақ мал эвакуациялаған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Олар туыстарының үйіне жайғасты. Халықты эвакуациялау және уақытша орналастыру үшін Сауран ауданында төрт эвакуациялық пункт дайындалған.
Облыстық маңызы бар 11 автомобиль жолының 23 учаскесінде су жиналған. Ордабасы ауданындағы "Найман" және "Құртай" каналында су деңгейі көтеріліп, қазіргі уақытта су Арыс өзеніне құйылып жатыр.
Үйлерді су басуға жол бермеу мақсатында 2 500 бірлік көлемінде қапшықтар төселіп жатыр. Майдантал ауылында суды қашырту үшін жасанды каналдар қазылып, аула учаскелерін су басу қаупі сейілді. Қазіргі уақытта құрбандар мен зардап шеккендер жоқ.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Сауран ауданындағы су тасқынына байланысты өзге де аудан, қалалардағы жағдайды саралау мақсатында төтенше жағдай департаментінде штабтың шұғыл кеңесін өткізді. Жиынға төтенше жағдай департаменті мен полиция департаментінің басшылығы, басқарма басшылары қатысты. Өңір басшысы қазіргі ахуалға тоқталып, тасқын су салдарын жою және қауіпсіздік шараларын күшейту жөнінде тапсырма берді.
"Су тасқынының алдын алу бойынша жоспарлар жасалып, тиісті жұмыстар қолға алынды. Қауіпті аймақтарға техника мен күшті жұмылдырып жатырмыз. Бірақ жауын-шашынның мөлшерден артық түсуі, ауа райының күрт жылынуынан қардың тез еруі бірнеше ауылды әбігерге салып отыр. Кеше облыстағы су нысандары мен өзендерді қарап шықтық. Барлық аудан, қалада күшейтілген режимде жұмыс жалғасып, қауіпсіздік шаралары сақталуға тиіс", – деп Дархан Сатыбалды әр ауданда, ауылда келтірілген шығынды есептеу бойынша арнайы комиссиялар жасақтауды тапсырды.
Түркістан облысы бойынша төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Нұрғали Жүнісов су тасқынына байланысты кейінгі деректерді айтты. Оның айтуынша, барлық аудан, қалада жұмыс күшейтіліп, су нысандары бақылауға алынған. Жауын-шашын көп түсуіне және қардың еруіне байланысты Бәйдібек, Сауран, Ордабасы аудандарындағы бірнеше ауылдағы үйлердің аулаларын су басты. Еріген қар суы 15 елді мекендегі көшелер мен аула учаскелері арқылы ағып өтті. Қазіргі таңда 13 көше, 186 аула аумағы, 1 тұрғын жеке үйге су кірген.
Облыс аумағында жауын-шашын тоқтады, алайда су әлі ағып жатыр. Суды қашыртуға барлығы 308 адам, 51 бірлік техника, 25 мотопомпа, 1 жүзу құралы жұмылдырылды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
М. Лұқпан