- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Болат Назарбаевқа тиесілі...
"Болат Назарбаевқа тиесілі жер қайтарылды" - Cаиров
Amanat партиясының мүшелері жер иелерінен жерді тәркілеу процесін бақылауда ұстап отыр. Бұл туралы Amanat партиясы жанындағы Мемлекеттік басқаруды дамыту және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің төрағасы Ерлан Саиров мәлімдеді.
Ол қазір мемлекетке Болат Назарбаевтың еншілес компанияларына тиесілі Маңғыстау облысында 239 мың гектар, Жамбыл облысында 60 мың гектар жер мемлекетке қайтарылғанын айтты.
Бұған дейін Бас прокуратурамен бірлесіп жүргізілген жұмыс барысында Болат Назарбаевқа тиесілі жалпы аумағы 244 гектар болатын 59 жер телімі анықталған еді.
"АМАNАТ партиясының Қоғамдық алаң ретінде әрбір азаматтың еншісі есептелетін ұлттық байлықты мемлекетке қайтару басты миссиясы деп білеміз! "Бармақ басты, көз қыстымен" жымқырылған халық ырыздығын қайтару жұмысын жүйелі жүргіземіз. Мәртебелі тегіңізге, "бұрынғы еңбегіңізге", қалтаңыздың қалыңдығына қарамаймыз. Халықтың меншігіне қол сұқтыңыз ба? Қайтарасыз. Алмақтың да салмағы бар және ол ауыр", - деді Ерлан Саиров.
Сондай-ақ, жиын барысында партиялықтар Астана бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі жұмыстың жай-күйін және партияның сайлауалды уәделерін жүзеге асыру жұмысын қарады. Кеңес мүшелері кейінгі үш жылда Астанадағы жергілікті атқарушы органдардағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі жұмысты талдады. Көрсетілген кезеңде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет 203 сыбайлас жемқорлық қылмысты тіркеді. Олардың негізгі бөлігі парақорлық - 147, ұрлық - 47 және лауазымдық өкілеттігін асыра пайдаланудың 9 дерегі тіркелді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Бөлек