Қазақстанда наурыздан бастап не өзгереді?

Қазақстанда наурыздан бастап не өзгереді?
Фото: pixabay.com

Қазақстанда наурыздан бастап бірқатар өзгеріс пен жаңалық болмақ. Massaget.kz тілшісі елімізде көктемнің алғашқы айында қандай өзгерістер болатынын жинап шықты. 

Банкроттық туралы заң бойынша өтініш беру басталады

Президент заңға былтыр 30 желтоқсанда қол қойды. Заң ресми түрде 1 қаңтарда жарияланды. Ал 3 наурыздан бастап жеке тұлғалар банкрот екенін жариялап, өтініш бере алады. Бірақ бұл барлық азаматтың несиесі кешіріледі деген сөз емес. 

Ең алдымен, бұл заң бойынша кімдер өтініш бере алатынын түсіндіре кетсек: 

Несие қарызыңыз 1600 АЕК, яғни 5 520 000 теңгеден аспаса;

Оны кейінгі бір жылдың көлемінде төлеуіңіз қажет болса да өтеуге мүмкіндігіңіз болмаса; 

Атыңызда жылжымайтын мүлік, жер учаскесі немесе көлік рәсімделмеген болса өзіңізді банкрот деп танып, өтініш бере аласыз. Айта кетейік, тек сіздің атыңызда емес, отбасы мүшесінің атында да мүлік болмауы керек. Мысалы әйелінің автокөлігі бола тұра күйеуі банкроттыққа өтініш берсе, бұл өтініш қабылданбайды. Яғни сіз төлемге қабілетті болып саналасыз. 

Айта кетейік, екінші деңгейлі банктегі, микроқаржы ұйымдарындағы несиелерді және несиеңіз коллекторларға өтіп кетсе де өтініш беріп, несиені жабуға болады. 

Наурыздан бастап 5,5 миллион теңгеге дейін қарызыңыз кешіріледі. Бірақ оның салдары бар

Мәжіліс пен мәслихат депутаттарының сайлауы

Мәжіліс пен мәслихат депутаттарын сайлау биыл бір күнде - 19 наурызда өтеді. Кандидаттар мен саяси партияларды тіркеу 20 қаңтарда басталды. Ол 18 ақпан 18.00-ге дейін жалғасады. Сайлау алдындағы үгіт 18 ақпан 18.01-де басталып, 18 наурыз сағат 00.00-де аяқталады. 18 наурыз - тыныштық күні.

Сайлаудан кейін Мәжілісте 98 депутат қалады. 69 депутат партиялық тізімдер бойынша, ал 29 депутат бір мандаттық аумақтық округтер бойынша сайланады.

Мәжіліс депутаттығына қойылатын талаптар:

Қазақстан азаматы болуы керек;
соңғы он жылда Қазақстан аумағында тұруы тиіс;
кем дегенде 25 жаста болуы шарт.

Наурызда қалай демаламыз? 

Наурыз 31 күнге толады. Соның 12 күні (сенбі мен жексенбіні қосқанда) демалыс, 19 жұмыс күні болмақ. Яғн: 

8 наурыз - Халықаралық әйелдер күні тек бір күн - сәрсенбі демалыс. 

Ал Наурыз мерекесінде (21-23 наурызда) қазақстандықтар үш күн демалады: 21 наурыздан 23 наурызға дейін. Бұл сейсенбі мен бейсенбі аралығы болмақ. 

1 наурыз - Алғыс айту күні

Көрісу мерекесі

14 наурыздан бастап Көрісу немесе Амал мерекесі болады. Бұл Қазақстанның батыс өңірі мен Ресейдің шекаралас аймақтарындағы қазақтардың арасында сақталған ежелгі дәстүр.

Көрісу - тек адамдардың бір-біріне амандасып, жақсылық тілейтін қауышу мерекесі емес, сондай-ақ жасы үлкендерге ізет көрсетіп, ілтипат білдіретін дәстүрлі көрініс. Себебі Көрісу салты бір күннің аясымен шектеліп қалмайды, жыл бойы жалғаса береді. Әлдеқандай себептермен 14 наурыз күні болмаған немесе сырт жақта жүрген кез келген адам ауылға жолы түскен бойда қариялардың қолын алып, сәлем беруге тиіс. 

Рамазан айы

Мұсылман қауымы үшін қасиетті болып саналатын қасиетті Рамазан айы 2023 жылдың 23 наурызында басталады.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының шариғат және пәтуа бөлімі жариялаған 2023 жылғы діни күндер кестесіне сәйкес, қасиетті Рамазан айы 23 наурызда басталады. Қадір түні 17 сәуірден 18 сәуірге қараған түнге түсіп тұр.

Наурыз айында дүниеге келгендер қандай болады?

Күн мен түн теңесетін күн

Наурыз мейрамы - ежелгі заманнан қалыптасқан жыл бастау мейрамы. Қазіргі күнтізбе бойынша (22 наурыз) күн мен түннің теңесуі кезіне келеді. 

2010 жылдың 10 мамырынан бастап Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас ассамблеясының 64-қарарына сәйкес 21 наурыз "Халықаралық Наурыз күні" болып аталып келеді. Бас ассамблея өзінің берген түсініктемесінде "Наурызды көктем мерекесі ретінде 3000 жылдан бері Балқан түбегінде, Қара теңіз аймағында, Кавказда, Орта Азияда және Таяу Шығыста 300 миллион адам тойлап келе жатқандығын" мәлімдеді. Ал UNESCO болса, 2009 жылдың 30 қыркүйегінде Наурыз мейрамын адамзаттың материалдық емес мәдени мұра тізіміне кіргізді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина