Астанада оқушыны итеріп жіберген дене шынықтыру мұғалімі жұмыстан шығарылды

Астанада оқушыны итеріп жіберген дене шынықтыру мұғалімі жұмыстан шығарылды
Фото: видео скрині

Астанадағы № 27 мектеп-лицейінің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі ата-аналардың шағымынан кейін жұмыстан шығарылды. Бұл туралы қалалық білім басқармасы хабарлады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Басқарманың мәліметінше, мектепте қызметтік тексеріс жүргізіп, мұғалімнің екінші сынып оқушысына қарым-қатынасы педагогикалық этикаға сәйкес келмейтінін анықтаған. Дене шынықтыру мұғалімі қатаң сөгіс алды.

"Мектептің бұйрығына және Еңбек кодексіне сәйкес, бұл мұғалім жұмыстан шығарылды. Этикалық нормалар мен талаптарды сақтамау фактілерін болдырмау мақсатында мектеп ұжымымен профилактикалық жұмыс жүргізілді. Басшының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарына педагогикалық этиканың негізгі қағидаттарының сақталуын бақылау және мұндай жағдайларға жол бермеу тапсырылды", - делінген хабарламада.

Еске салайық, № 27 мектеп-лицейінің екінші сынып оқушысының ата-анасы дене шынықтыру пәнінің мұғалімі сегіз жасар қызын итеріп, оған айғайлағанын айтқан еді. Олар дәлел ретінде мектептегі бейнебақылау камерасынан видео ұсынған.

Полиция бұл факт бойынша тексеру жүргізіп жатқанын және сот-медициналық сараптама тағайындағанын айтты.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

М. Лұқпан