"Олар тіпті жедел жәрдем шақырмады": Серікзат Дүйсенғазының ұлы ажал құшқан курортта тағы екі қыз жарақат алған

"Олар тіпті жедел жәрдем шақырмады": Серікзат Дүйсенғазының ұлы ажал құшқан курортта тағы екі қыз жарақат алған
Фото: Instagram/serikzat_duisengazy

Көкшетаудағы "Елікті" тау-шаңғы курортында қауіпсіздік ережелерінің сақталмағанынан бірнеше адам ауыр жарақат алған. Соның бірі - астаналық тұрғын Динара. Ол шаңғы теуіп жүргенде бағанаға соғылып, омыртқасы сынған. Massaget.kz тілшісі оқиғаның қалай болғаны туралы Динарамен сұхбаттасты. 

Динараның айтуынша, курорта ешқандай қауіпсіздік ережелері сақталмаған. 

"7 қаңтарда Көкшетаудағы "Елікті" тау-шаңғы курортында аспалы жолға көтеріліп бара жатқанда, қатты желдің салдарынан еңістен төменге құлап, металл бағанға соғылып, жарақат алдым. Қатты соққыдан тұншыға бастадым. Кейін "Еліктінің" қызметкері қарда жүретін көлікке отырғызып, қонақүйге әкелді", - дейді ол.

Оның айтуынша, курорт әкімшілігі тіпті жедел жәрдем шақырмаған. 

"Елікті" қызметкерлері маған зембіл әкеліп, алғашқы медициналық көмек көрсетпеді. Қарда жүретін көлікпен төмен түскенде омыртқам одан сайын ауырды, ал олар тіпті жедел жәрдем шақырмады. Туыстарым мені шалқамнан жатқызып, Көкшетаудан 30 шақырымдай жерде орналасқан Көкшетау көпсалалы облыстық ауруханаға апарды. Кейін компьютерлік томография мен рентгенге түсірді, сонда менің бел омыртқамның сынғаны анықталып, дәрігерлер нейрохирургия бөліміне жатқызды", - деді ол.

Оқиғадан кейін келесі күні ол WhatsApp-мессенджері арқылы курорт әкімшілігімен хабарласпақшы болған, алайда олар жауап берудің орнына қызды бұғаттап тастаған.  

"Осылайша, 7 қаңтардан бастап толығымен төсекке таңылған, қозғалуға мұршасы жоқ және жұмысқа жарамсыз науқас ретінде Көкшетау көпсалалы облыстық ауруханасының нейрохирургия бөлімінде медбикелердің көмегіне мұқтаж науқас ретінде емделдім. Келесі күні WhatsApp-мессенджері арқылы "Елікті" курортына омыртқамның сынғанын түсіндіріп, менеджерінің телефон нөмірін сұраған хабарлама жаздым, жауап ретінде олар мені бұғаттап тастады", - дейді ол. 

Динараның айтуынша, курортта зардап шеккен адам көп болуы мүмкін. Ол ауруханада жатқанда жарақат алған тағы бір қызды "Еліктіден" әкелген. 

"Елікті" паркінде металл конструкциялардан қорғайтын қоршауы да, мұндай соқтығыстардан қорғайтын техника да жоқ, яғни шаңғы тебуге және демалуға келетіндерге арналған қауіпсіздік шаралары жасалмаған. Мен ауруханаға түскеннен кейін, шамамен бір сағаттан соң, "Еліктіден" тағы бір қызды әкелді. Оның бүйрегі жарылған. Тергеушілер тергеуге келді. Мен Зеренді ТЖД жергілікті атқарушы органдарына, туризм кәсіпкерлік бөліміне, прокуратураға өтінішпен жүгіндім. Әкімдік пен туризм кәсіпкерлік бөлімі бірдей жауап берді. Мен әділ болғанын қалаймын, өз құқығымды қорғағым келеді. Бір айға жуық төсекке таңылған күйде 2 қалада, 2 ауруханада емделіп жатырмын", - дейді ол. 

"Елікті" тау-шаңғы курортының өкілдері бұл оқиғаға қатысты тергеудің басталғанын, қандай да бір ақпаратты жарияламау туралы келісімге қол қойғанын айтып, пікір беруден бас тартты.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от @di.nqz

Еске салайық, бұған дейін айтыскер ақын Серікзат Дүйсенғазы ұлы қаза болған демалыс орны туралы айтқан еді. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек