Қоғамдық орында қыздарға қырындағандар қомақты айыппұл төлеуі мүмкін

Қоғамдық орында қыздарға қырындағандар қомақты айыппұл төлеуі мүмкін
Фото: fotokto.ru

Өзбекстан әйелдер құқығын реттейтін жаңа заң қабылдауға кірісті, - деп хабарлайды "Хабар 24" телеарнасы.

Құжат, ең алдымен, қоғамдық орында қырындап қызға тиіскендерді 1 миллион 200 мың сом айыппұл төлеуге міндеттейді. Ал зорлық-зомбылық сипаттағы әрекет жасағандар кемі 10-15 жыл түрмеге қамалады.

Өзбекстан қоғамдағы тәртіп пен қауіпсіздікті реттеуге, соның ішінде әйелдерге қарсы зорлық-зомбылықты азайтуға нақты қадам жасады. Кейінгі кезде күрт көбейген осы сипаттағы қылмыстар халық пен билікті әбден алаңдатып отыр.

"Тұрмыстағы зорлық-зомбылық үшін қылмыстық жаза тағайындамайынша мәселе күрделене береді. Қолданыстағы кодексте бұған нақты амал жоқ. Гендерлік теңдік жобалары жағдайды реттеуге көмектеспейді. Ең алдымен, жаңа заң керек. Сонда ғана жағдай өздігінен реттеледі", - деді Өзбекстан президенті әкімшілігінің сектор меңгерушісі Саида Мирзиёева.

Жаңа заң әйелдердің қоғамдағы ролі мен мәртебесін көтеруі мүмкін. Енді кез келген жерде қыз балаға қырындап теріс қылық көрсетіп, тиіскендер айыппұл арқалайды. Көлемі - 1 миллион 200 мың сом. Бұл - бастапқы сома. Кейін қайталанса, екі еселенеді. 

"Өте жақсы бастама. Бізде әйелдер құқығын қорғау ісі кенже қалған. Маған салса, айыппұлды одан да көп мөлшерде енгізер едім. Такси қызметін пайдаланған кезде қорқатын болдым. Жүргізушілер түрлі сылтаумен тиісе бастайды. Қатаң заң қабылданса, өзімді қауіпсіз сезінемін", - дейді өзбекстандық тұрғындар.

Ұзақ уақыт талқылаудан кейін құжат парламентке де жетті. Бұған дейін мәселені тек гендерлік және отбасылық тәрбие тұрғысында реттеу керек деген кей депутаттардың ойы өзгерді. Енді зорлық-зомбылыққа қатысты қолданыстағы заң талаптары күшейеді. Мұндай қылмысты жасағандар мен соған әрекет қылғандардың жазасы біркелкі сипатқа ие болады.

"Заң жобасына сәйкес кәмелетке толмағандарға қарсы зорлық жасағандарға рақымшылық жарияланбайды. Оларға білім беру және медициналық мекемелерде жұмыс істеуге тыйым салынады. Жеке фото, видео және хабарлама арқылы бопсалау қылмыстық жауапкершілікке жатады", - дейді Өзбекстан Әділет министрлігінің ресми өкілі Севара Орунбаева.

Кей елдерде әйел зорлау мен кәмелет жасқа толмағандарды жыныстық әрекетке итермелеу психикалық ауру саналады. Онда қылмыскерлер жазасын өтемес бұрын арнайы тізімге алынып, емделеді. Өзбекстанда да осы тәжірибені қолдану ұсынылып отыр.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек