"Ішімдіктен бас тартқан". Кейінгі жылдары бірде-бір қылмыс тіркелмеген ауылдың тыныс-тіршілігі

"Ішімдіктен бас тартқан". Кейінгі жылдары бірде-бір қылмыс тіркелмеген ауылдың тыныс-тіршілігі
Фото: polisia.kz

Солтүстік Қазақстан облысының картасында ішімдіктен бас тартқан тағы бір ауыл бар. Бұл – Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Тахтаброд ауылдық округіндегі 5 ауылдың бірі Ковыльное ауылы, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Учаскелік инспектор Дәулет Молдахметовтың айтуынша, ауылда 405 адам тұрады. Бірнеше жыл бұрын ақсақалдар ішімдік ішуден бас тартуды ұсынған. Халық бұл бастаманы қолдады. Кейінгі жылдары жергілікті тұрғындар арасында бірде-бір қылмыс тіркелмеген. Олардың арасында есепте тұрған тұлғалар да жоқ. Тұрғындар балаларды қорықпастан ойнауға жібереді, түнде көшеде жүруден қорықпайды, тіпті есіктерін де кілттемейді екен.

Ауыл тұрғындарының көпшілігі жұмыс істейтін жергілікті "Ақселеу" ЖШС-нің белсенді қолдауы ауылдағы құқықтық тәртіптің сақталуына ықпал етеді. Кәсіпорын нысандары мен ауылдағы көшелер жақсы жарықтандырылған және 130 бейнекамераның бақылауында. Бұдан бөлек, ішімдіктен бас тарту шараларын жергілікті ЖШС директоры Серік Малаев 10 жыл бұрын бастаған. Ол барлық мерекелік іс-шараларды алкогольсіз ұйымдастыруды қолға алыпты. Ауыл тұрғындарының алкогольден бас тартуы осы бастаманың қисынды қорытындысы болды.

"Көпбалалы отбасыларға барып, интернет-алаяқтықтың және басқа да заң бұзушылықтардың алдын аламыз, абаттандыру ережелерін сақтау, еркін жайылымды болдырмау бойынша жұмыс жүргіземіз. Алайда масаң күйде жасалған бірде-бір бұзақылық немесе басқа да құқық бұзушылық тіркелген жоқ", - дейді Дәулет Молдахметов.

Ковыльное – гүлденіп келе жатқан ауылдардың бірі, кейінгі жылдары мұнда 20-дан астам жаңа үй салынған. 

Ковыльное ауылымен қоса, Теңдік пен Қарағай ауылдарының тұрғындары алкогольмен қоштасқан.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Massaget.kz