- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Сарбаз өлімі: адвокат...
Сарбаз өлімі: адвокат іске қатысты деректерді жариялағаны үшін жазалануы мүмкін
Адвокат Сержан Пірәлиев әскерге шақырылушының өліміне қатысты өз тұжырымдары мен шындыққа сәйкес келмейтін ақпаратты айтып, қылмыстық істің деректерін жария еткені үшін жазалануы мүмкін, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, 20 қаңтарда әскерге шақырылушының өз-өзіне қол жұмсау фактісі бойынша заңгер Сержан Пірәлиев баспасөз конференциясын өткізген.
"Пірәлиев өз тұжырымдары мен шындыққа сәйкес келмейтін жалған ақпаратты айтып, қылмыстық істің деректерін жария етті.Сонымен бірге ҚПК-нің 201-бабына сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректері жария етілмейді. Осыған байланысты адвокаттың қызметтік этика нормаларын бұзу фактісі бойынша материалдар қылмыстық қудалау органында белгіленген тәртіппен тіркеліп, уәкілетті орган – Қазақстан Республикасы әділет министрлігіне қызметтік тергеу жүргізу үшін жолданды", - делінген хабарламада.
Еске салайық, 2022 жылғы 19 тамызда атыраулық әскери қызметші өз-өзіне қол жұмсағаны белгілі болды. Қызылқоға ауданы Миялы ауылының 18 жастағы тумасы Бекбол Мираш Жамбыл облысындағы "Шөлдала" шекара бөлімшесінде әскери борышын өтеп жатқан. Ал марқұмның туыстары өз-өзіне қол жұмсағанына сенбейді. Кейін қыркүйекте сарбаздың өліміне қатысты күдікті ұсталғанын хабарладық. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалған еді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
М. Лұқпан