"Ойымдағыдай шықты". Қазақ әндерін корей тілінде шырқаған әншімен сұхбат

"Ойымдағыдай шықты". Қазақ әндерін корей тілінде шырқаған әншімен сұхбат
Фото: Instagram/songwonsub87

Желіде Батырхан Шүкенов пен Мирас Жүгінісовтің әнін корей тілінде орындаған әншінің видеосы тарады. Желі қолданушылары қазақ әндерінің өзге тілде шырқалғанына тәнті болды. Ал өнерпаз бұған дейін орысша әндерді аударып орындап жүрсе, кейін қазақ әндеріне қызығушылық танытқан. Massaget.kz тілшісі бұл туралы cover-әнші (біреудің әнін қайталап орындау - еск.) Соң Уон Собпен сұхбаттасты. 

"Менің есімім - Соң Уон Соб (송원섭). Мен 1987 жылы наурызда дүниеге келдім. Ән айтуды бұдан 20 жыл бұрын мектепте бастадым. Әскерде әскери оркестр қатарына қосылғым келген, бірақ жолым болмады. Әскердегі қызметім аяқталған соң Сеул ұлттық өнер университетіне 24 жасымда оқуға түстім", - дейді әнші.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Songwonsub송원섭 (@songwonsub87)

Оның айтуынша, қазақ әндеріне деген қызығушылық бұдан бір жыл бұрын басталған, алайда көп ән тыңдап үлгермеген.

"Бір жыл бұрын бір досым Батырхан Шүкеновтің "Твои шаги" әнін ұсынды. Алғашында бұл әнді көп тыңдамадым. Бірақ кейін оның музыкасына қызығушылық таныта бастадым. Маған оның шығармашылығындағы (Батырхан Шүкенов - еск.) осы "Дождь" әні қатты ұнады. Мен басқа да әртістерге ән жазамын. Кейін ойыма cover айту келді. Бірақ басқа ел әндерін корей тіліне аударып айтсам, тың болар деп ойладым. Шынында, ойымдағыдай болып шықты", - дейді әртіс. 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Songwonsub송원섭 (@songwonsub87)

Өнер иесі қазақ әндерін онша біле бермейтінін айтты. "Дождь" әнін орындағаннан кейін оқырмандары басқа қазақша әндерді ұсынған. Ол кейінгі кездері тыңдармандар ұсынған әндерді тыңдап жүрмін дейді. 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Songwonsub송원섭 (@songwonsub87)

Бұған дейін өнерпаз орыс тіліндегі әндерді корей тіліне аударып, орындап келген. Олардың қатарында қазақстандық әнші Jah Khalib-тің біраз әні бар. Бұдан басқа, ол Виктор Цойдың шығармашылығына қатты қызығатынын айтты.

"Әннің сөзін мүмкіндігінше түпнұсқаға ұқсас еткім келеді, бірақ кейде сөзін елдің тіліне, сезіміне сай өзгерту қиынға соғады. Көбіне достарым көмектеседі. Сондықтан әлі үйренерім көп", - дейді Соң Уон Соб.

Әнші Қазақстанға былтыр келген. Ол Алматыдағы танымал жерлерде болып, қала әсемдігіне таңғалғанын айтты.

"Өзбекстанда гастрольдік сапармен өнер көрсетіп жүрдім. Сосын Қазақстанға, Алматыға соғып кетуді жөн көрдім. Алматы мұндай қызыққа толы қала деп ойламадым, - дейді ол.

Қазір оның Instagram-парақшасында 95 мың оқырманы бар. Ал Youtube-арнасында 611 мың көрермені бар. Әншінің тіпті фан-парақшалары (жанкүйерлері ашқан парақша - еск.) бар. Мәселен, оның VK-дағы фан-парақшаға 10 мыңнан аса оқырман тіркелген. Бұдан басқа, ол Ресей, Өзбекстан сынды елдерге гастрольдік сапармен барады. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек