Соңғы қоңырауды басқа күнге ауыстыру ұсынылды

Соңғы қоңырауды басқа күнге ауыстыру ұсынылды
Фото: Tengrinews.kz/Тұрар Қазанғапов

Мәжілістің жалпы отырысында депутат Аманжол Әлтай оқу-ағарту министрлігінің соңғы қоңырау күніне қатысты бұйрығына наразылығын білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Оның айтуынша, мектептерде соңғы қоңырау күнін 30 мамырға не 1 маусымға ауыстыру керек.

"Оқу-ағарту министрінің бұйрығына сәйкес, орта білім беретін мектептерде соңғы қоңырау салтанаты 31 мамырда өтеді. Алаш арыстарының мұратын жалғастырып, аманатын ұрпақ санасына сіңіруге тиіс министрліктің 31 мамыр күнінің маңызына мән бермегені қандай өкінішті. Арыстарымыздың рухына бір күнді де қимай, апыл-ғұпыл аза тұтқансып, іле-шала той тойлап, думандатып кете беретін болсақ, елдігіміз қайсы?! Сондықтан мектептердегі соңғы қоңырау күнін 30 мамырға не болмаса 1 маусымға ауыстыру керек", - деді депутат Мәжілістің жалпы отырысында.

Қазақстанда 31 мамыр - Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Бұл күн 1997 жыл­ы  Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен бекітілген еді.

Еске салайық, былтыр "Ашық НҚА" порталында оқу жылын 31 мамырға дейін ұзарту туралы бұйрық жобасы жарияланған еді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек