Қазақстандық әуекомпанияға жолаушы аш қалғаны үшін айыппұл салынды

Ақтөбеде рейсі кейінге кешігіп, әуежайда қалған жолаушыға тамақ бермеген әуекомпанияға айыппұл салынды, - деп хабарлайды Diapazon.kz.

Бұл оқиға былтыр болған, алайда сот істі жақында ғана қарапты.

Qazaq Air әуекомпаниясының Ақтөбеден Астанаға бағытталған рейсі 4 сағат 40 минутқа кешіккен. Бұл рейстегі жолаушылардың бірі әуекомпаниядан тамақ пен сусын сұраған, бірақ компания оның талабын орындамаған. Кейін жолаушы мемлекеттік органға шағым түсіріпті.

Нәтижесінде Qazaq Air әуекомпаниясына тасымалдаушының кінәсінен рейс тоқтатылған немесе кешіктірілген кезде жолаушыға қызмет көрсету жөніндегі міндеттерді орындамау дерегі бойынша әкімшілік іс қозғалды. Әуекомпания өкілі істі тоқтатуды сұрап, дәлелдер келтірді.

Компания өкілдері күндізгі уақытта рейстің кешіктірілетінін алдын ала хабарлап, тамақ пен сусын берілетіні туралы хабарландыру жасаған. Алайда бұл жолаушы түн ортасында, сағат 00:40-та, әуежайдағы кафе жабылып қалғанда тамақ сұраған. Әуекомпанияның мәліметінше, бұл уақытта тамақ алуға мүмкіндік болмаған.

Бірақ сот бұл дәлелдерді назарға алмады. Судья әуекомпаниялар жолаушыларды тәулік бойы тасымалдайтынын, яғни рейс кешіктірілген кезде тәуліктің кез келген уақытында заңда белгіленген барлық қызметті ұсынуға дайын болуы керек екенін және бұл әуекомпанияның міндеті екенін алға тартты.

Әуежайда жолаушыны түнде тамақтандырмағаны үшін Qazaq Air әуекомпаниясына 612 мың теңге айыппұл салынды.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!