Елбасы туралы заңның күші жойылды - Конституциялық сот

Елбасы туралы заңның күші жойылды - Конституциялық сот

Конституциялық сот Парламент депутаттары тобының өтінішін қарады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Конституциялық соттың сайтындағы мәлімет бойынша, депутаттар тобы 5 қаңтарда Конституцияның 62-бабының 4-тармағына ресми түсініктеме беруді сұрады. Сондай-ақ депутаттар "Қазақстанның Тұңғыш Президентінің мәртебесі мен өкілеттігін реттейтін нормаларды алып тастауға байланысты "Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы туралы" Конституциялық заңның күші жойылды деп танылуға жата ма" деген сұраққа жауап беруді сұрады.

"2022 жылғы 5 маусымдағы республикалық референдумда білдірілген, Қазақстан Республикасының Конституциясынан 46-баптың 4-тармағы мен өзге де нормаларды алып тастау туралы Қазақстан халқының еркіне негізделе отырып, қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының Конституциясында "Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы туралы" Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының Қазақстан Республикасында қолданылатын құқықта сақталуына құқықтық негіздер жоқ деп тану қажет, осыған байланысты оның күші жойылды деп танылуға жатады", - делінген Конституциялық соттың қаулысында.

Еске салайық, Мәжіліс 2022 жылғы 28 желтоқсанда Тұңғыш Президент - Елбасы туралы заңның күшін жою туралы құжатты қарауға қабылдады.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина