Қазақстан ЖОО-ларында оқу ақысы қымбаттауы мүмкін

Қазақстан ЖОО-ларында оқу ақысы қымбаттауы мүмкін
Фото: elements.envato.com

Ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев инфляцияға байланысты Қазақстанда ЖОО-да оқу ақысы қымбаттауы мүмкін екенін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Жыл сайын жоғары оқу орындарынан оқу ақысын көтермеуді сұраймыз, бірақ нарықтағы бағаның өзгеруіне, жыл сайынғы инфляцияға байланысты университеттер оқу құнын инфляция көрсеткіштерімен түзетеді. Мәселен, былтыр инфляция 14 пайыз болса, кейбір университеттер плюс немесе минус 14 пайызға өсті (білім беру құны - еск.). Мұндай түзету заңды. Біз университеттерді оқу құнын бірден көтермеуге үгіттейміз. Бірақ экономикалық жағдай басқаша. Барлығы қымбаттайды. Инфляция шегінде түзетулер мүмкін", - деді Ерғалиев.

Оның айтуынша, әр университеттің өзіндік құны бар, орташа көрсеткіш жылына 300-400 мың теңге шамасында. Бірақ кейбір жоғары оқу орнында бір жылдық оқу ақысы 500-600 мың теңге тұрады.

"Келісемін, білім беру құны өзекті мәселе. Айта кетейік, оқу құнын жоғары оқу орындарының өзі анықтауға құқылы. Ол аймаққа, олардағы шығындарға байланысты өзгеруі мүмкін. Барлығы экономикамен байланысты. Инфляция деңгейінде өсу заңды процесс, егер олар оны түбегейлі көтерсе, бұл басқа мәселе. Мысалы, 300 мың болса, оны 1 миллионға дейін көтерсе, онда бұл шектен шығу және біз мұндай университеттермен жеке жұмыс істейміз", - деді вице-министр.

Ерғалиев қазір Қазақстанда 600 мыңға жуық студент жоғары білім алып жатқанын, оның 40 пайызға жуығы грант иегерлері екенін айтты.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек