Бұрынғы қорғаныс министрі заңсыз бұйрықтар берді - Бас прокуратура

Бұрынғы қорғаныс министрі заңсыз бұйрықтар берді - Бас прокуратура
Фото: Қорғаныс министрлігі

Бас прокурор Берік Асылов қаңтардағы оқиға кезінде бұрынғы қорғаныс министрі Мұрат Бектанов "заңсыз бұйрықтар" бергенін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Әскери сотта бұрынғы қорғаныс министрі Бектановтың ісі бойынша тыңдау жалғасып жатыр. Тергеу нәтижелері төтенше жағдай кезінде ол заңсыз бұйрықтар беріп, әскери стратегиялық нысандарды қорғамағанын көрсетеді", - деді Асылов Мәжілісте баяндама жасап.

Ол бұрынғы министрдің елде конституциялық тәртіп орнату бойынша шаралар қабылдамағанын атап өтті. Тәртіпсіздікке қатысушылар, әсіресе Алматыда, үлкен сандық айырмашылыққа ие болған.

"Олар қоршауды бұзып, полиция мен Ұлттық ұлан күштерін басып, халықты қорқытты. Нәтижесінде қылмыскерлердің қолынан адамдар қаза тауып, қалалар тоналып, өртенді. Сондықтан Бектанов жауынгерлік жағдайында билікті асыра пайдаланды деп айыпталып отыр (Қылмыстық кодекстің 451-бабы, 3-бөлігі) ",- деді Асылов.

Еске салайық, былтырғы жаппай тәртіпсіздік газға байланысты мәселеден шыққан еді. 2 қаңтарда Жаңаөзенде жиналған жұрт сұйытылған газ бағасын төмендетуді талап етті. Кейін басқа қалалар да осы үнге қосыла бастады. Соның қатарында Алматы, Нұр-Сұлтан, Ақтөбе, Орал тұрғындары да болды. Осылайша, 4 қаңтарда Қазақстанның түкпір-түкпірінде наразылық акциялары өтті. Сондай-ақ, жаппай тәртіпсіздікке ұласқан оқиға салдарынан интернетте де ақау шықты. 

Ал Бас прокуратурада Алматыда өткен жаппай тәртіпсіздік хронологиясын жасаған еді. Сол мәліметтерге сүйенсек, 4 қаңтарда сағат 18.00-ден 20.00-ге дейін "Алматы - Арена" спорт кешені мен "Халық-Арена" стадионы маңында жұрт жиналған. Сағат 21.00-де жиналған адамдар қала әкімдігіне қарай қозғала бастаған. Осылайша, олар Абай, Төле би көшелерімен жүріп келе жатып, адам қосып отырған. Тәртіпсіздікке қатысушылар 5 қаңтарда Әуезов ауданының Полиция басқармасының, Алмалы ауданының Полиция басқармасы мен бөлімінің әкімшілік ғимараттарын басып алуға тырысқан. Ал кешке қарулы шабуылшылар қаланың Полиция департаментінің ғимаратына шабуыл жасаған. Әкімдік пен Президент резиденциясына шабуыл кезінде қылмыскерлер атыс қаруын қолданудың қаупін түсінгенімен, ғимараттарға мақсатты түрде шабуыл жасаған.

Ал қаңтар оқиғасынан кейін тұрғындардың талабы орындалып, өңірлерде сұйытылған газ бағасы 50 теңгеге түсті. Сондай-ақ, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшысы болған Кәрім Мәсімов пен оның орынбасарлары ұсталды. Өңірлерде әлі күнге қаңтар оқиғасына қатысты істер жүргізіліп жатыр. 2 қарашада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қаңтар оқиғасына қатысушыларға бір реттік рақымшылық жасау туралы заңға қол қойған. Бұл бойынша 1500-ға жуық адамға рақымшылық жасалатыны белгілі болды. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова