"50 жыл күткен бақытым". Французға тұрмысқа шыққан қазақ әйелінің хикаясы

"50 жыл күткен бақытым". Французға тұрмысқа шыққан қазақ әйелінің хикаясы
Фото: Диляра Тастемірдің жеке архивінен

Өз бақытыңызды табу ешқашан кеш емес. Тіпті жарты ғасыр өмір сүрсеңіз де, бақытыңыз сізді құрлықтың басқа шетінде күтіп тұруы мүмкін. Massaget.kz тілшісі осындай жантебірентер хикая кейіпкерлерімен сұхбаттасты.

Диляра Тастемір 18 желтоқсанда француз Марк Касаграндэге тұрмысқа шықты. Олар төрт жыл бұрын онлайн қосымша арқылы танысқан. Сол кезде кейіпкер есейіп қалған ұлдардың жалғызбасты анасы еді. 

"Бұл "метамарфозаны" балаларым да байқап қуанды"

Кейіпкердің айтуынша, ол жұбайын кездестіргелі өмірі түбегейлі өзгерген. Оның өмірге деген құлшынысы, армандары мен мақсаттары пайда болған.

"Бір отырыста құрбы-құрдастарымның бірі күйеуімен қалай танысқанын айтып берген. Олар да онлайн қосымша арқылы танысқан екен. Олардың қарым-қатынасына, бір-біріне деген қамқорлығына сүйсіне қарап, бәріміз тәнті болдық. Досымыз адам танымастай өзгеріп шықты! Олардың кедергілерді аттап, қол ұстасып, қиындықтарды бірге жеңгеніне, әр атқан күннен ләззат пен сүйіспеншілік алатынына куә болдық. Шын мәнінде, жалғыздық тек Құдайға жарасады, ал ер адам мен әйел бұл дүниеге жұп болып, бір-біріне тіреу, қамқор болу үшін келген емес пе?! Досымның бұл батыл қадамы менің өміріме, болашаққа деген жоспарыма, мақсатыма қайта қарауға ерекше шабыттандырды. Ал жолдасымды кездестіргелі өткен өмірімді ой елегінен өткізіп, басқа бір таңғажайып күйге түсіп, маған кедергі болып жүрген, қатып қалған ұстанымдардан түбегейлі ажырадым. Жаңа туған адамдай қалыпқа түстім! Бұл "метамарфозаны" балаларым да байқап қуанды", - дейді кейіпкер.

Диляраның айтуынша, олар отбасын құруға асықпаған. Маркпен танысқанына бір жыл өткеннен кейін шаңырақ көтеруді шешкен. Алайда карантин шаралары ғашықтарға бас қосуға кедергі келтірген. 

"Алдымен сайтқа тіркелгенде сауалнама толтырасыз, онда тіркелудің негізгі мақсатын көрсетесіз. Менің мақсатым отбасын құру еді. Ал Марк екеуміздің көздегеніміз бір болып шықты. Тек бір-бірімізді жақынырақ танып, өмірлік құндылықтарымыздың қаншалықты сәйкес келетінін байқау үшін асықпадық, бәрін уақытымен болғанын қаладық. Ол Алматыға екі рет ұштып келді, сосын мені Францияға шақырды, күнде сөйлесіп тұрдық, видео арқылы жиі-жиі виртуал қауышып тұрдық. Бір жылдан кейін отбасы құру туралы түпкілікті шешім қабылдадық. Ақпараттық технологиялар бүгінде бір-бірімізді жақынырақ тануға мүмкіндік берді", - дейді ол.

"Қазақ пен француз әдет-ғұрпы үйлесім тапқан, ұлт аралас тамаша той болды"

Үйлену той биыл 18 желтоқсанда Алматыдағы мейрамханалардың бірінде өтті. Диляра алғашында сән-салтанатқа толы той жасағысы келмегенін айтты, бірақ жолдасының ынтасы оның бұл шешімін өзгертуге әсер еткен.

"Белгілі шығыстанушы Радлов "Қазақ халқы - Азияның француздары" деп бекер айтпаса керек. Барлық мәдени айырмашылыққа қарамастан, екеуіміз де космополит емеспіз. Үйлену дәстүрі көп халық үшін шамамен бірдей емес пе?! Шынымды айтсам, алғашқыда той жасауға көңіл күйім болмады. Мен үшін АХАЖ-дан мөр қою жеткілікті болып көрінді. Бірақ күйеуімнің үйлену тойын ұйымдастыруға ынтасы зор болғаны сонша, ойымды өзгертуіме тура келді. Екеуіміздің де бата беріп, шаңырақ көтеруімізді асыға күтіп, армандап жүрген егде әке-шешеміз бар. Оған қоса, екеуміздің бес ұлымыз бар. Оның үстіне, екі жыл пандемияда қиналдық. Неліктен тойламасқа!? Екі елдің салт-дәстүрін сақтауға тырыстық. Қазақ пен француз әдет-ғұрпы үйлесім тапқан, ұлт аралас тамаша той болды", - дейді әйел.

Бір-бірінен мыңдаған шақырым алыс тұратын Диляра мен Марк үшін табысып, қауышу қиын болған. Ал бұдан екі жыл бұрын басталған карантин жағдайды одан әрі қиындатқан. 

"Әрине, құжат дайындау кезінде қиын болды, шекарадағы тосқауылдар әбден шаршатты. 2020 жылы наурызда үйлену туралы түбегейлі шешім қабылдағанда Францияға аттануға бел будым, бірақ ол кезде әлемде пандемия өршіді. Шекаралар тастай жабылды. Тек күзде ғана Түркияда, Ыстамбұлда кездестік, өйткені Түркияда қазақстандықтардан виза талап етілмеді. Бізге кездесуге мүмкіндік берген таңғажайып тарихы мен мәдениеті бар бұл әсем қаланы әлі күнге дейін ризашылықпен еске аламыз! Одан кейін менің еуропалық вакцина паспортым болмағандықтан, Францияға кіргізбеді. Жалпы, кедергі мен қиындық көп болды. Бірақ мойымай әсте-әсте қадам басып қосылдық", - дейді кейіпкер.

"Мен сенің бақытты болуыңа қарсы боламын ба, балам?! Алға батыл қадам басып, артқа қарамаңдар!"

Әр ата-ана баласының бақытты болуын қалайды емес пе? Кейіпкердің ата-анасы Диляраға өзге ұлт азаматына күйеуге шығуға еш кедергі келтірмеген. Керісінше, қызының бағы ашылып, сүйіктісін тапқанына шексіз қуанған.

"Отбасым, достарым мен әріптестерім де Маркты жылы қабылдады. Бірінші кездесуімізде Маркты ініммен аэропорттан күтіп алуға бардым. Кейін ол Алматыға екінші рет келгенде отбасыммен, ата-анаммен таныстыруымды сұрады. Бұл өте әсерлі кездесу болды. Ал, әкем маған "Мен сенің бақытты болуыңа қарсы боламын ба, балам?! Алға батыл қадам басып, артқа қарамаңдар!" дегені қанаттандырды. Әрине, күмәнмен қарағандар да болды. Екеуміздің жасымыз 50-ден асты, бала-шағамыз бар. Бір-бірінен мүлде алыс елдерде тұрамыз, жат тілде сөйлейміз...Бірақ, ең бастысы – жүрегіңде махаббат пен мейірімділік болса, бірге бәрін жеңуге болады!" - дейді Диляра.

Кейіпкердің айтуынша, француздар - қазақтар секілді жылы шырайлы, биязы адамдар. Оның айтуынша, осы ұлт өкілдері, әсіресе ана тілін ерекше құрметтейді.

"Француздар мен қазақтардың ұқсастығы – ашық мінезді. Олар да сұлулықты, өнерді, көпшілдікті, адамгершілікті сүйеді. Үлкенді сыйлай біледі. Олар Ұлыбританиямен шекаралас болса да, өз ана тілінде құрметтеп, тек ана тілінде сөйлейді", - дейді ол.

Диляра Тастемір көп армандайтыны, болашақта күйеуімен қандай өмір қалайтынын айтты. 

"Қазақтың "қосағыңмен қоса ағар" деген тамаша тілек-батасы бар ғой. Жұбайым ата-анасымен бірге теңіз жағалауында турады. Олар қазір 80-нен асты. Өздерінің қалыпты әдеті бар тату, көпбалалы, интернационал отбасы. Мысалы, қайын атам мен енем күнде қол ұстасып дүкен аралап,  серуендейді. Мені француз мәнерінде "Дили" деп еркелетіп атайды. Соларға қарап жүрегім елжірейді, менің де ата-анамның отау құрғандарына жарты ғасырдан асты. Құдайдан Мәке екеумізге осындай болашақ тілеп отырамын", - дейді кейіпкер.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек