Козачков ісі: "Арнайы прокурорлардың нақты тапсырмасы бар"

Козачков ісі: "Арнайы прокурорлардың нақты тапсырмасы бар"
Фото: Видеодан алынған кадр

Бас прокурордың орынбасары Жандос Өмірәлиев журналист Михаил Козачковтың ұсталуына қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Өмірәлиев бас прокурор процестік топқа қоғамдық ұйымдар мен адвокаттар өтінішіндегі барлық дәлелді толық зерделеуді тапсырғанын айтты.

"Өздеріңізге белгілі, 18 желтоқсанда Козачковты бірқатар қылмыс жасады деген күдікпен Қаржы мониторингі агенттігі ұстады. Сол күні оның үйінде әйелінің қатысуымен тінту жүргізілді. Соттың рұқсаты бойынша, куәгерлер қатысқан тінту жүргізілді, барлық процесс видеоға  түсірілді. Қазір бұл іске барлық қадағалауды Алматы қаласының прокуратурасы жүргізеді, сондай-ақ, бас прокурор арнайы прокурорлар тобына осы істің мән-жайын барынша объектив және ашық түрде тергеп-тексеру туралы нақты нұсқау берді. Сіздерге Бас прокуратура қабылдаған шешім туралы жақын арада хабарланады", - деп түсіндірді Өмірәлиев Мәжілісте журналистердің сауалына жауап беріп.

Еске салайық, танымал журналист Михаил Козачков 18 желтоқсанда ұсталған болатын. Бұл ақпаратты Қаржылық мониторинг агенттігі растады. Ол Коспаевтың ұйымдасқан қылмыстық тобына рейдерлік басып алулар жасауға көмектескен деген күдікке ілінген.

Бұл іске қатысты Тоқаевтың баспасөз хатшысы Руслан Желдібай да пікір білдірген болатын. Ол бұл іс Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тек құқық шеңберінде қаралуға тиіс екенін атап өтті. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек