Алаяқтар алдап, атыңыздан несие алатын жағдайлар

Алаяқтар алдап, атыңыздан несие алатын жағдайлар
Фото: elements.envato.com

Қазақстандықтардың жеке мәліметін қолданып, олардың атынан түрлі айламен кредит рәсімдеп жататындар бар. Алаяқ құрбаны болғандардың айтуынша, олар біреудің атынан тіпті 4-5 несие рәсімдейді. Мұндай жағдайдың алдын алу үшін не істеу керек? Алаяқтардан қалай сақтануға болады? Бұл туралы заңгер, адвокат Айжан Муслимова айтып берді.

Заңгердің айтуынша, қазіргі таңда қазақстандықтарға қатысты жеке мәліметтердің таралуын тоқтату мүмкін болмай тұр.

Жеке куәлік бірнеше базада сақтаулы тұрады

"Өкінішке қарай, жеке мәліметтердің Интернетте тарап кетуін тоқтату мүмкін емес. Себебі бір жеке куәліктің өзі түрлі-түрлі базада сақтаулы тұр. Ал алаяқтарға олардың скандарын алу қиынға соқпайды. Олар көбіне несиелерді онлайн рәсімдейді. Онлайн қарыз беретін микроқаржы ұйымдары соңғы кездері қарыз алушыдан суретке түсуді талап етпейді. Кей жағдайда сол ұйым қызметкерінің алаяқтыққа қатысы бар болып шығады. Сондықтан да интернет алаяқтар борышкердің қолын өтірік қойып, несиеге алған ақшаны өз шоттарына аударып алады", - дейді Муслимова.

Куәліктің көшірмесі арқылы да несие алуға болады

Маманның айтуынша, алаяқтар жеке куәліктің өзінен бөлек, көшірмесі арқылы да біреудің атынан онлайн кредит ала алатын болған.

Сол себепті жеке куәлік жоғалған жағдайда бірінші кезекте полицияға хабарласу керек. Өтініш берген соң полициядан міндетті түрде арнайы анықтаманы алып қою қажет. Сот процесі болған жағдайда ол анықтама керек болады. Сондай-ақ, полициядан міндетті түрде ішкі қызметтік тергеу жүргізілуін талап етіңіз. Бірінші кезекте кредит алынған ұйымға барып, кредит берген адамды анықтап, алаяқ ақшаны аударған шоттың реквизиттерін алу қажет", - дейді маман.

"Дисконт картасын ашамыз" деп алдайды

Заңгердің айтуынша, алаяқтар жиі қолданатын тағы бір әдіс - дисконт картасын ашамыз деген ұсыныспен ол адамның атынан несие алу.

"Алаяқтықтың бұл түрі де бүгінде кеңінен таралған. Әсіресе, ойын-сауық орталықтарында, адам көп жүретін жерлерде белгісіз біреулер немесе өзін промоутер ретінде таныстыратындар қандай да бір дүкеннің дисконт картасын тегін ашып береміз деп, анкетаны толтыртқызып, ол адамға қатысты барлық мәліметті алып алады. Онда тұтыншуының аты-жөні, мекенжайы, тіпті паспортына қатысты мәліметтер толтырылуы керек болады. Содан клиент дисконт картасын алдым деп сеніп қалып, негізінде оның атынан көп болмаса, бірнеше мың теңгеге несие алынғанын білмей қалып жатады", - дейді Айжан Муслимова.

Жалған құжаттар жасайды

Қазақстанда "10 минутта несие береміз", "Жалақыға дейін несие алу" сияқты түрлі қызметтерді ұсынатын ұйымдар жетерлік. Дәл осы ұйымдарда құжаттарды қолдан жасап, алаяқтық жасау оңай дейді заңгер. 

"Тез арада рәсімделіп, қолма-қол берілетін ақшаны көбіне шағын ұйымдар ұсынады. Алаяқтар бұл жағдайда жоғалған құжаттың ламинациясын алып тастап, иесінің суретін алып, орнына өзінің суретін жапсырып, қайта ламинаттап қояды. Осылайша, ол микроқаржы ұйымдарына немесе банкке келіп, несие алуға өтініш береді. Тек кодты тексеру үшін өз нөмірін қалдырып, кейін ол нөмірді лақтырып тастайды", - деп ескертеді адвокат.

Алаяқтардан қалай сақтануға болады?

Заңгер алаяқтардан сақтанудың жалғыз жолы барын айтады. 

"Өзіңізге қатысты жеке мәліметтерді, оның ішінде жеке басты куәландыратын құжаттардың көшірмелерін ешқашан және ешқандай жағдайда бейтаныс адамдарға хабарламамен болсын жолдамаңыз. Суретке түсіруге тіпті тыйым салынады. Әсіресе, әлеуметтік желіде жариялаудан аулақ болған жөн. 

Өзін қаржы ұйымының қызметкері ретінде таныстырған адамдардың қоңырауына сенбеңіз, оларға жеке мәліметті айтпаңыз. Тіпті аты-жөніңізді де айтпаңыз", - деп кеңес береді заңгер.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина